Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстан темір жолы" еншілес компаниясы бәсекелестерінің жұмысына кедергі келтіргені үшін 1,42 миллиард теңге айыппұл арқалады

қтж жүк тасымалыФото: Stan.kz

Қазақстанда жүк тасымалымен айналысатын ірі компания "ҚТЖ-Жүк тасымалы" монополиялық жағдайын пайдаланып, нарықтағы бәсекелестеріне кедергі келтіргені үшін 1,42 миллиард теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласындағы департаменті "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС-ға қатысты бәсекелестікті қорғау туралы заңнаманы бұзу белгілері бойынша тергеп-тексеруді аяқтады.

"Тергеп-тексеру жүргізуге еліміздің ұлттық экспедиторлар қауымдастығының, Қырғыз Республикасы экспедиторлар қауымдастығының және бірқатар көлік-экспедиторлық компаниялардың өтініштері негіз болды. Тергеп-тексеруден кейін "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС жүк тасымалдау жоспарларын келісу барысында аффилиирленген компанияларға – "KTZ Express" АҚ және "КедентрансСервис" АҚ-ға артықшылық беріп, жеке экспедиторлық ұйымдардың қызметіне кедергілер жасағаны анықталды", – делінген хабарламада.

Аталған әрекеттер "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС тарапынан монополиялық жағдайды теріс пайдалану ретінде бағаланды.

Астана әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 тамыздағы шешімімен "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159-бабы 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекет кірісіне 1,42 миллиард теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.

2025 жылғы 15 қыркүйектегі Астана қалалық сотының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды.


Қазақстанда балалар дүкенінің иесі тауарларының бағасын рубльмен көрсеткен


"100 миллиард теңгенің тендерін жеңіп алған": БҚО-да депутатқа тиесілі компанияға жолды сапасыз жөндегені үшін айыппұл салынды


Еске салайық, бұған дейін "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының қарызы 3 трлн теңгеден асатыны мәлімделген. Соған қарамастан, 2023 жылы компания топ-менеджерлері мен директорлар кеңесінің мүшелеріне 790 миллион теңге бонус төлеген. Бұл мәселе қоғамда сынға ілікті.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 22 Қыркүйек, 2025 12:14
Талқылау