Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жолаушылар тасымалы" филиалының басшысының ұсталуы: ҚТЖ оқиғаға қатысты түсінік берді

"Жолаушылар тасымалы" АҚ филиалы басшысының пара алды деген күдікпен ұсталуына қатысты "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Компания "Жолаушылар тасымалы" АҚ – “Қала маңы тасымалы" филиалы басшысының сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұсталу фактісі туралы сот үкімі шығарылғанға дейін түсініктеме бере алмайды”, - деді компания.

ҚТЖ тамыз айынан бері "Антикормен" бірлесіп, компаниядағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

"Өз кезегінде ҚТЖ ішкі аудит жүргізу барысында лауазымды тұлғалар мен облыстық филиалдар қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілерін анықтады, олар бойынша материалдар тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданды. ҚТЖ өз қызметінде барынша ашықтыққа ұмтылады", - деп толықтырды ұлттық компания.

Бұған дейін “Жолаушылар тасымалы” филиалының басшысы пара алды деген күдікпен ұсталғаны белгілі болған. Акционерлік қоғам филиалының директоры 2020 жылдың қыркүйегінен ағымдағы жылдың желтоқсан айына дейінгі аралықта жолаушылар вагондарын жөндеу және жалпы патронаттық қызмет көрсетуші ұйымның пайдасына іс-әрекеттер жасағаны үшін жүйелі түрде ақша алған деген күдікке ілінді. Алынған параның сомасы 11 миллион теңгеден асады.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 28 Желтоқсан, 2022 18:29
Талқылау
`