Круиз лайнерінен құлап қалған Қытай азаматшасы 38 сағатын теңізде өткізген
Қытайлық азаматша круиз лайнерінен құлап түсіп, теңіз суында 38 сағат уақытын өткізген. Оны балықшылар құтқарып қалған.
Қытай БАҚ-ның хабарлауынша, 31-жастағы Фань есімді азаматша Royal Carribean компаниясының теплоходында Шанхай-Оңтүстік Корея-Жапония бағытына бес күндік круизге шыққан.
Өткен сәрсенбіде қоршаудан өтпек болған ол төртінші палубадан (жетіқабатты үйдің биіктігіндей) теңізге құлап түскен. Абырой болғанда аса ауыр жарақат алмаған. Жолаушы әйел теплоход командасы мен басқа жолаушылардың назарын өзіне аудартуға тырысқанымен, оны ешкім де естімеген.
Арада бірнеше сағат өткеннен кейін әйелдің бар күші сарқылған. Әйтеуір судың бетінде қалып, ара-тұра көз шырымын алып та үлгерген.
Жұма күні таңертең ұйқысынан оянған әйел балықшылар қайығын көрген. Қуанышқа орай, дәл осы қайық оның өмірін құтқарып қалған.
Қытай БАҚ-тарының жазуынша, лайнерде азаматшаның ата-анасы да болған. Алайда қыздарының жоқтығын олар бірнеше сағаттан кейін ғана білген.
Әкесі қызымен телефонмен сөйлескенге дейін оның тірі екендігіне сенбеген.
Ең қызығы да сол, ұзақ уақыт бойы теңіз суында болған әйелдің денсаулығы жақсы. Ол тек медузалардың кесірінен қолдарында пайда болған дақтарға шағымданған.
Әлеуметтік желілерде қытайлықтың спорттық жаттығулардың арқасында аман қалғандығы туралы болжамдар тараған. Фань бес жасынан бастап жүзуге қатысып, университет қабырғасында жүргенде спортпен айналысқан.
Осы жылдың басында АҚШ-та 33-жастағы әйелдің лайнерден суға құлап қалғандығы белгілі болған еді. Ол Техастан Мексикаға жол тартып бара жатқан.
Онымен бірге саяхатқа шыққан достары оның жоқтығын 10 сағаттан кейін ғана байқап, хабарлаған. Полиция әлі күнге дейін әйелдің денесін іздестіруде.
Жіберіп алмаңыз: