Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Крокустағы теракт: Иран Ресейге шабуыл туралы алдын ала ескерткен

Иран Ресейге Мәскеудегі террорлық шабуыл туралы алдын ала ескерткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: kp.ru

Басылымның мәліметінше, Иран Крокус Сити Холлға жасалған шабуылдың алдында Ресейге ірі "террорлық операция" өтуі мүмкін екені туралы ескерткен. 

"Ресейдегі лаңкестік әрекеттен бірнеше күн бұрын Тегеран Мәскеумен Ирандағы жарылыстарға байланысты тұтқындалғандардан жауап алу кезінде алынған Ресей аумағында болуы мүмкін ірі лаңкестік акт туралы ақпаратты бөліскен", – дейді агенттік дереккөздерінің бірі. 

Вашингтон бұған дейін Мәскеуге лаңкестік әрекет қаупі туралы ақпарат жібергенін мәлімдеген. Ресей билігі мұны бейресми түрде растағанымен, мемлекеттік БАҚ-қа бұл ақпараттың нақты емес екенін мәлімдеген. Ал АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Линн Трейси бұл мәлімдемелерді жоққа шығарды. 

"Ресей билігіне берілген жазбаша ақпарат нақты, дер кезінде және сенімді болды”, – деді Линн Трейси. 

Иран барлау қызметі қаңтарда Керман қаласындағы 100-ге жуық адамның өмірін қиған жарылыстарға қатысы бар деген күдікпен 35 адамды ұстағанын хабарлады.

"Иранда тұтқындалған лаңкестердің бірі топтың кейбір мүшелері Ресейге кетіп қалғанын айтты", – дейді Reuters дереккөзі.

Агенттік дереккөзінің айтуынша, Тегеранның Мәскеуге алдағы шабуыл туралы берген ақпаратында уақыт пен мекен жайы туралы нақты мәліметтер болмаған.

Мәскеудегі Крокус Сити Холлға жасалған террорлық шабуылдың артында "Ислам мемлекеті" ұйымы тұр деген АҚШ-тың мәлімдемелеріне қарсы шыққан Ресей бұл шабуылға Украинаның қатысы бар деген пікірде. Киев бұл нұсқаны үзілді-кесілді жоққа шығарды.

Еске салсақ, 22 наурызда Мәскеудегі "Крокус Сити Холлға" концерт кезінде террорлық шабуыл жасалып, ғимарат өртке оранғаны туралы жазған едік. 

Талқылау