Крейг Беллами: "Астана Аренадағы алаң тек төменгі лигаларға лайық"
Фото: "Астана" футбол клубының баспасөз қызметі
Уэльс құрамасының бас бапкері Крейг Беллами "Астана Аренадағы" жасанды төсенішке наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Футболдан Уэльс ұлттық құрамасының бас бапкері Крейг Беллами әлем чемпионаты-2026 іріктеу кезеңінде Қазақстанға қарсы өтетін ойын қарсаңында "Астана Арена" стадионындағы жасанды төсенішке көңілі толмайтынын жеткізді. Матч 4 қыркүйекте Астанада өтеді.
Белламидің айтуынша, мұндай алаңдар жоғары деңгейдегі жарыстарға сәйкес келмейді.
"Біз көбіне мұндай төсеніште ойнамаймыз және оның жанкүйері емеспін. Шыны керек, мұндай алаңдардың қажеттілігін мүлде көрмеймін. Төменгі лигаларда түсінуге болады – табиғи газонға қаржы жетпей жатады. Ал халықаралық деңгейде алаңдар міндетті түрде табиғи шөптен болуы керек. Бельгияда да бір-екі жасанды алаң бар, бірақ ол басқа жағдай", – деді ол.
Мамандандырылған басылым Nation Cymru-ге берген сұхбатында Беллами жасанды төсеніштің ойын барысына емес, футболшылардың денсаулығына әсерін көбірек уайымдайтынын айтты: "Бұл Қазақстанға басымдық бере ме, білмеймін. Доп бәрібір домалайды. Маған маңыздысы – ойыннан кейін аяқтарға түсетін салмақ".
Еске сала кетейік, "Астана Арена" 2009 жылы пайдалануға берілді. Стадион құрылысына шамамен 200 миллион доллар (сол кездегі бағаммен 31 миллиард теңге) жұмсалған. 2024 жылы аренада қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, алаң төсенішін ауыстырғанымен, газон жасанды күйінде қалды.

Желіде тілі шықпаған баланы қой ішегімен қылқындырғандардың видеосы тарады: Логопед-дефектолог ырымның үлкен қаупін айтты
