Кредит бергіш компанияларға біздің деректерді кім ұсынып жүр – Депутат интернет-алаяқтар туралы
Фото: parlam.kz
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев халықтың жеке деректерінің оңды-солды тарап кеткенін, салдарынан несие ұсынғыштардың да қаптап кеткенін айтып, кредит беретін кезде қарыздың көлеміне қарамастан, адамдардың қаржылық ұйымға өз аяғымен баруын немесе биометриялық тексеруден өтуін міндеттеуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат 2025 жылдың басында қазақстандықтардың кредиттік портфелі 24,1 трлн теңгеге жеткені жарияланғаны, бұл бір жыл бұрынғы берешектен 22,9% көп екенін атап өтті.
Бұрын бұқара кредитті барып алатын еді, қазір кредит өз аяғымен келіп жүр. Себебі интернетті ашып қалсаң, телефонды қосып қалсаң несие ұсынған компаниялардан аяқ алып жүре алмайсың. Банк телефон шалып, “кредит алыңыз” деп қиылып тұрады, қала берді “Займ”, “Найм”, “Микрозай”, “Айлыққа дейінгі қарыз” деген неше түрлі атаумен телефонымызға күн сайын несие алуға үндейтін сансыз хабарлама келеді. Тіпті көбісі "сізге осынша теңге несие шықты, келіп алыңыз немесе сілтемемен өтіңіз" деп жазады. Ағайынды ашындыратыны осы, бүкіл елдің телефон нөмірі, жеке деректері, құжаттағы ресми ақпараттары айналадағы болмаса айдаладағы компанияларда қайдан жүр?Алаяқтар мен кредит бергіш колпанияларға біздің деректерді кім ұсынып жүр? Цифрлық даму министрлігі бастаған ведомствалардың жеке деректі мұқият сақтаймыз дегені осы ма? Бұған кім жауап береді? ”, – деп сұрақты төтесінен қойды ол.
Ол бұған дейін азаматтарымыздың денсаулығына, кейін отбасы мүшелеріне қатысты деректер тарап кеткенін, енді жеке құжаттағы мәліметтер мен телефон нөмірлеріміз тарап жатқанын айтқан депутат 2024 жылы қазақстандықтар 22 900 рет интернет-алаяқтарға алданғанын атап өтті, келтірілген шығын 45,5 млрд теңге болған.
Мәжіліс депутатының мәлімдеуінше, интернет-алаяқтыққа қатысты қозғалған істердің 81,8 пайызы "қылмыс жасаған адамның анықталмауына байланысты" жабылып қалады.
“Есепшотың тұрған банк өзіне мүлдем жауапкершілік алмайды. Тергеуші таппайды. Жеке деректеріңді, банктегі есепшорттарыңды кімнің, қашан, қалай қолды қылғанын да білу мүмкін емес. Сонда сандық технологияны халықты сан соқтыру үшін ойлап табылды ма?”, – деп таңданады ол.
Оның сөзінше, былтыр интернет-алаяқтар мемлекеттік мекемелерді алдап, 8,4 миллион теңгесін ұрлап кеткен.
Осы мәселелерді айта келе, ол премьер-министр Бектенов пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Әбілқасымоваға мынандай ұсыныстар жолдады:
- Банктер "антифрод" жүйесін қосуы керек. Ол қандай да бір адамның жеке деректеріне сырттан қол сұғылған кезде немесе бір адамның атынан қысқа уақытта бірнеше банкке, микроқаржы ұйымына кредит алуға өтініш тасталған кезде жүйені толық тоқтатады.
- Несиелік жүктеменің коэфиценттерін қайта қарау.
- Кредит беретін кезде, қарыздың көлеміне қарамастан, адамдардың қаржылық ұйымға өз аяғымен баруы немесе биометриялық тексеруден өтуін міндеттеу керек. Тек смс-кодты енгізіп ақша аударуды тоқтату.
- Азаматтардың есепшотындағы ақшаны алаяқтың ұрлағаны, бірақ одан клиент хабарсыз болғаны дәлелденсе, банктер сол қаражатты азаматқа өз есебінен қайтарып беруге тиіс.
- Қосымшаларда азаматтардың жеке мәліметтерін өңдеуді талап етуді тоқтату керек.
“Интернет алаяқтармен күресуге тергеу орындарының неге әлі келмейді, не жетпейді? Толық сараптама жасап, жауабын беріңіздер”, – деді депутат.

1 теңге салықтық қарызы үшін депозиттен ақшасын ала алмаған: Қазақстандық әйел банктен қаржы алу кезінде тап болған қиындығын айтты
