Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қозы мен Баян” телехикаясын сынаған журналист Баян Мақсатқызының әкесіне жауап берді

Қоғамда дау тудырған “Қозы Көрпеш-Баян Сұлу” телехикаясына қатысты айтылып жатқан сындар легі толастар емес. Тарихи тақырыпты арқау еткен туынды көпшілікпен қатар бірқатар ел азаматтарының көңілінен шықпай қалды. Бұл жолы аталған туындыны сынаған белгілі журналист Өмірзақ Ақжігіт телехикаядағы шикіліктерді басып айтты, деп хабарлайды “Қазақ үні” порталына сілтеп Stan.kz.

Белгілі продюсер Баян Мақсатқызы продюсерлік еткен “Қозы Көрпеш-Баян Сұлу” телехикаясын сынаған танымал журналист Өмірзақ Ақжігіт ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевқа ашық хат жолдап, тарихи туындыдағы шикіліктерді тізіп берді.

Журналистің айтуынша, ашық хат жазуға Баян Мақсатқызының әкесіні жазбасы себеп болыпты.

“Біз әдетте салмағы қара жердей ауыр бұл сөздің мәнісін білмеген соң жиі қолданамыз. Ал, мен амалым құрығаннан жазып отырмын. Менің амалымды құртқан – Баяны бар болғырдың атышулы «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» сериалы. Бұл сериалда қазақтың ұлттық мақтанышына айналған құндылықтың иісі де жоқ екенін айтпаған қазақ қалмаған шығар. Мен өзім де жорамал жасап және оның өкінішке қарай шындыққа айналғаны жөнінде екі кішкентай пост жазып, «киноны көрмей ауырайын» деп тыныш жатыр едім, Баянның әкесінің мақаласы еріксіз қолға қалам алғызды…”, – дейді Өмірзақ Ақжігіт.

Сондай-ақ Өмірзақ Ақжігіт аталған телехикаяның қазақы салт, әдет, ғұрыптан жұрдай екенін атап өтті.

“Ал, мына фильмде лирикалық эпостың аты ғана қалған… Эпостың желісі тұрмақ, қазақы салт, әдет, ғұрыптан жұрдай. Тіпті адами қисынды таппайсыз. Мақсат ағамыз қызын арашалау жолында, «ұялған тек тұрмасқа» салып «…бір  отар  қойды  үш  адамның  бағуы фантастика  жанрынан емес, күні  кеше бір  отар қойды бір жанұя болып баққан жоқ па!» дейді. Қойды әдетте бір үйлі жанның біреуі ғана баққан, ал, мұнда кино бастала сала 3 бірдей қойшы «бес қаруы сай 4 қарақшы 6 қойды алып кетті» деп, күзгі жапырақтай қалтырап тұр. О, тоба, қазақтың қой барымталағанын естіген кім бар? Алдарынан салып қуып кеткені, ия 1,5 қойдан өңгеріп әкеткені белгісіз…  Баян сұлу болса дүниеқоңыздықтың символына айналған әкесінен озып тұр: «Бүгін малыңды алса, ертең үйіңе тиеді!» деп, «қарақшыларды» қууға өзі аттанады. «Бармашы!» деп шылбырына оралған екі қойшыны атпен қағып ұшырып жіберсе, үшінші байғұстың тамағына қанжарын тақайды! Бес қой үшін! Міне, Баян түсірген «Баянның» сиқы…”, – дейді ол.

Сонымен қатар журналист телехикаяда қазақ дәстүрлеріне қатысты орын алған шикіліктерді тізіп берді. Ол қазақтың салт-дәстүрін бұзып, ертегі-аңыз бен эпос-жырлардың желісін өзгертіп көрсетуге ешкімнің хақысы жоқ екенін айтты.

“Сериалдың екі сериясының өзінде аттың жүгенін алмай отқа жібере салады; қымызды кесеге жартысына жеткізбей құяды; бір топ ер адамның дәл алдынан әйел бала кесіп өтеді; шайқасып жатқан қарақшыларға көмек келіп қалғанда Қозы атына қарай ұмтылудың орнына қашып талдың арасына тығылады; Қодар Қарабайға «менің ұрын келгенімді елге тегіс хабарла(?)!» дейді,  т.т., қисынсыздықты айтып тауысу қиын,

Игі жақсылар! Қазақтың салт-дәстүрін бұзып, ертегі-аңыз бен эпос-жырлардың желісін өзгертіп көрсетуге ешкімнің хақысы жоқ! Өйткені, оның бәрі – ой, білім! Сұрыпталған саф алтын! Біз ең болмаса орыстар секілді дайын желімен түсіре алмайды екенбіз, онда өзімізше өзгеріс енгізіп, өткендерден дана болуға тырыспайық, одан-дағы өз қолымыздан келетін бүгінгі күн жайын қаузай берейік. (Баян әнші қыздар тобын қалай құрғаны жайлы бір емес он серия түсірсін)”, – деп жазды журналист Өмірзақ Ақжігіт.

Оқи отырыңыз:

Әсел Сәдуақасова өзі туралы жаңа фильм түсіріп жатқанын айтты

Тұрсынғали Алагөзов пен Динара Сәтжан бірігіп бизнес ашпақ

Актер Дидар Кәден ғашығымен кездесе алмай жүргенін айтты

Жанар Айжанованың қызы өз қолымен бетін бояп, анасын шошытып алды (видео)

Белгілі журналист Ұлттық арна басқарушысы Ерлан Қаринге ренішін жеткізді

Талқылау