"Көзінен бір тамшы жас та шықпады": 17 жастағы қызы ата-анасын өлтірді деген айыппен қамауға алынды
Фото: fox5atlanta.com
Америкадағы Джорджия штатындағы 17 жастағы Сара Грейс Патрик өз анасы мен өгей әкесін өлтірді деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Fox5atlanta.com басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Полицияның мәліметінше, ата-анасының денесін бірінші болып олардың алты жасар қызы тауып алған. Ол бұл туралы үйде болған үлкен әпкесі Сараға айтып, ол 911 құтқару қызметіне қоңырау шалған. Үйге күшпен кірудің белгілері болмаған және ешнәрсе ұрланбаған.
Сараның қылмысын ашуға оның ата-анасының жерлеу рәсіміндегі "көзінен жас шықпағаны, бірақ жылағандай" кейіп қалдырған сәті себеп болған. Мәліметтерге сенсек, 2024 жылдың 20 ақпанында 41 жастағы Кристин Брок пен 45 жастағы Джеймс Брок өз үйлерінде оқ жарақатынан қаза тапқан. Бұдан бірнеше ай өткен соң, Сара Грейс Патрик 16 жасында жасаған қылмысы үшін 2024 жылдың шілде айында тұтқындалды.
Оған екі адамды өлтіргені және аса ауыр шабуыл жасағаны үшін ересек адам ретінде айып тағылды. Полиция Сараға айып тағуға сансыз физикалық және цифрлық дәлелдердің себеп болғанын мәлімдеді. Соның ішінде жерлеу кезіндегі эмоциялық сөзі де бар.
Марқұм Джеймс Броктың жиені Кристен Дауда жерлеу сәтінде түсірілген бейнежазбаны көріп, пікір білдірді. Туысының айтуынша, жерлеу рәсімінде ол Сараның ешқандай жас төкпей, даусын дірілдетіп сөйлеуін байқаған.
"Ол шынымен қайғырып тұрғандай кейіп танытты, бірақ көзінен бір тамшы жас та шықпады. Оны бірден байқап, сол бейнежазбаны сақтап қойдым, өйткені бір күні бәрі шындықты көретініне сенімді болдым", – деді ол.
Кадрлардан Сараның ашық-көгілдір түсті қысқа көйлек киіп, жерлеу рәсімінде мінберге шыққан сәтін көруге болады. Ол анасы мен өгей әкесін еске алып, бет-аузын сүрткендей сыңай танытқан.
"Мама, Джеймс, сендермен қоштасуға мүмкіндігіміз болмады. Сендердің әрдайым жанымда болғандарыңа үйреніп қалдым. Сендердің енді жоқ екендеріңе сене алар емеспін. Сендердің маған қаншалықты маңызды екендеріңді енді ғана түсіндім", – деді Сара.
Кристен Дауда осы сәтте орнынан тұрып, жерлеу рәсімінен кетіп қалғанын айтты.
"Адамдар “Сара жай ғана кішкентай қыз” дейді. Бірақ монстр да кішкентай көйлек киген қыз болуы мүмкін", – деп қосты жиен әпкесі.
Дауда өгей әкесінің Сараға жаман қарағаны туралы қауесеттерді үзілді-кесілді жоққа шығарды. Кэрролл округінің қоғаммен байланыс директоры Эшли Халси баспасөз мәслихатында Сараның тұтқындалуына нақты дәлелдердің жеткілікті болғанын айтты. Оның сөзінше, тергеу жалғасып жатыр және болашақта басқа адамдар да тұтқындалуы мүмкін.
"Қазірше нақты бір мотив анықталған жоқ. Бұл қылмысқа басқа отбасы мүшелерінің қатысы бар-жоғы да тергеліп жатыр", – деді Халси.
Шымкентте қызды өлтіріп, мәйітін қорлаған жігітке қатысты үкім шықты
17 жастағы танымал тиктокер қызды сезіміне жауап бермегені үшін сталкер атып өлтірген
Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысында ер адам енесі мен әйелін өлтіріп, балаларына қол жұмсамақ болды деген күдікпен қамауға алынды. Полицейлердің хабарлауынша, 15 шілдеде Қарабалық ауылындағы үйлердің бірінен зорлық-зомбылық белгілері бар екі адамның мәйіті табылған. Алдын ала болжам бойынша, қылмысқа отбасылық жанжал себеп болған.

“Газ плитасы, күннен қуат алатын панельдер алып дайындаламыз”: Алакөлде шатырда қонып жүрген қазақстандық отбасы жабайы демалысты дәстүрге айналдырған
