Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Көзі, миы мен көмейдің жартысы жоқ": Ресей украиналық журналистің денесін 7 айдан кейін қайтарды

Фото: Facebook.com/zoa.savcuk

Ресей 7 айдан кейін украиналық журналист Виктория Рощинаның денесін азаптау белгілерімен, кейбір ағзаларынсыз отанына қайтарды. Украиналық сарапшылар Ресей мұндай әрекеттерге марқұмның өлім себебін жасыру үшін барды деген болжам жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Украинская правда" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Виктория Рощина Ресейдің Украинаға басып кірген сәтін айтып, толық ақпарат таратқан еді. 2023 жылдың тамыз айында ол ресейлік әскер басып алынған Мариупольге сапары кезінде жоғалып кеткен. Тек 2024 жылы мамырда Ресейдің қорғаныс министрлігі журналистің ұсталғанын және Ресей аумағында екенін растады. Сол жылдың қазан айында журналистің ата-анасына қызының қаза болғаны туралы суық хабар жетті. Ресей билігінің мәліметінше, Виктория Рощина Таганрогтан Мәскеуге дейінгі этап кезінде қаза тапқан. Таганрогтағы СИЗО-2 тергеу изоляторындағы бірге отырған тұтқындардың бірі сол кезде Рощинаның салмағы небәрі 30 келі болғанын, оны электр тоғымен азаптағанын, сондай-ақ денесінде пышақ жарақаттарының тыртықтары болғанын айтты.

Басылымның мәліметінше, Виктория Рощинаның мәйіті 2025 жылдың ақпанында Киевке тапсырылды. Журналистер оның денесі Винница қаласының мәйітханасына "НМ СПАС 757" (НМ – белгісіз ер адам, ЖАЖЗ – жүрек артерияларының жалпы зақымдануы) деген жазуы бар пакетте жеткізілген. Пакетті ашқанда, ішінде қатты мұздатылған және кахексия (шектен тыс ашығу, әлсіреу) белгілері бар әйел адамның денесі жатқан. Оның санында "7390 Рощина В. В." деген бирка болған.

Украина бас прокуроры кеңсесінің өкілі Юрий Белоусовтың айтуынша, сот-медициналық сараптама нәтижесінде азаптау мен қатыгездіктің көптеген белгілері анықталған. Атап айтқанда, “дененің түрлі бөліктері сырылған, қанталап қалған, жаралар бар. Журналистің қабырғасы сынған, мойнында жарақаты және аяқтарында электр тоғымен азаптаған іздер болса керек” деген тұжырым жасалды.

Журналистің қазасына қатысты тергеуге жақын дереккөздің хабарлауынша, Рощинаның тілінің астыңғы сүйегі сынғаны анықталған. Ал Ресей Украинаға тапсырған денеде кейбір ағзалар болмаған. Атап айтқанда, көз алмалары, миы және көмейінің бір бөлігі жоқ еді.

Атын атамауды сұраған сот-медициналық сарапшы Ресей билігі журналистің кейбір ағзаларын марқұмды тұншықтырып өлтірілгенін жасыру үшін алып қалған дейді.

"Сараптама кезінде көмейдің алынып тастауы әдеттегі тәжірибе емес. Көмей — тұншықтыру фактісін дәлелдейтін маңызды айғақ болуы мүмкін. Адамды тұншықтырғанда көбіне тіласты сүйегі сынады. Ал тұншықтыру кезінде көздің ақ қабығына қан құйылып, миға оттегі жетіспей қалады", — деді ол.

Тағы бір дереккөздің айтуынша, Ресей кейде украин тұтқындарының денесін ішкі ағзаларсыз қайтарады. Бұл да зорлық-зомбылық іздерін жасырудың амалы болуы мүмкін. Ал Ресей билігі қаза тапқандармен жұмыс істеу үшін ағзаларды алып тастайды деп түсіндірді.

Юрий Белоусовтың айтуынша, мәйіттің күйіне байланысты украиналық сарапшылар әзірге Виктория Рощинаның өліміне не себеп болғанын анықтай алмады. Ресей қорғаныс министрлігінің журналистің әкесіне жіберген хатта да өлім себебі көрсетілмеген. Тергеушілердің айтуынша, хатта өлім туралы куәлік те, оның қаза тапқанын растайтын басқа құжаттар да жоқ. Викторияның әкесі Владимир Рощин қызына не болғанын білу үшін бірнеше рет Ресейдің түрлі мекемелеріне хат жазған. Бірақ олардың ешқайсысынан дұрыс жауап алмаған.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 30 Сәуір, 2025 10:31
Талқылау