Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қыр баласының жаны әруақытта қазаққа жақын": АҚШ пен Еуропада білім алған отандасымыз елге не себепті оралғанын айтып берді

Ертай Сұлтан – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қызметкері. Магистратурада оқып жүргенінде Испанияда, кейін АҚШ-тың Вашингтон университетінде тағылымдамадан өткен. Шетелде қызмет етуге талай ұсыныс түскенімен, елге оралып, бүгінде студенттерімен білгенімен бөлісіп келеді. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында Ертай Сұлтан елге неліктен оралғанын түсіндіріп, Қазақстанның білім жүйесі туралы сөз қозғады. 

елшімен

Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Ашықбаевпен

Өз сөзін Ертай Сұлтан магистратурада білім алып жүргенінде Бірккен ұлттар ұйымының сессиясына қатысқан кездегі естеліктерімен бастады. Магистратураның 1-курсында Колумбия университетінің оқытушылары ұйымдастырған дәріске қатысып, курстық жұмыс қорғапты. 

"Дәріске қатысқан топта 30-ға жуық адам болды. Тек АҚШ емес, өзге де елдердің университеттері болатын. Дәріс аяқталған соң курстық жұмыс қорғап, үздік деп танылған 11 адам Колумбия университетінде 2 ай тағылымдамадан өттік. Сонымен қатар Біріккен ұлттар ұйымының сессиясына қатысып, тұрақты даму саясатымен толығырақ таныстық. Кейін бұл жайлы естеліктер жазып, кітап ретінде басылып шықты", – деп бастады ол.

Бұдан соң оқытушы Испанияның Кадис университетінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік туғанын айтады. 2012 жылы ҚазҰУ-да академиялық ұтқырлық бағдарламасының ашылғанын естіген ол бірден құжаттарын тапсырыпты. 

"Құжаттарым қабылданып, Кадис университетінен шақырту алдым. Мұнда "Философия және жазу" факультетіне түсіп, қыркүйектен ақпанға дейін тағылымдамадан өттім. Жетекшім Рафаэль Гузман есімді француз тілінің маманы еді. Әрине, шетелге аттануға ҚазҰУ-да оқуым үлкен септігін тигізді", – дейді ол.

АҚШ-тағы Абай орталығындағы тәжірибесі туралы

Ертай Сұлтан магистратурада білім алып жүріп, өзге елдерде тағылымдамадан өтуіне өзге тілдерді меңгеруі де үлесін қосты дейді. Сөзінше, университетке келген шетелдік студенттермен сөйлесіп, ағылшын тілінің дегейін арттырыпты. Кейін докторантурада білім алған соң ғылыми тағылымдаманы АҚШ-та өткен. Өзі бұл кезеңді "қазақ мәдениет насихаттау жобасы" деп атады. 

"2020 жылы елімізде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы тойланды. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев әр елде Абай орталықтарын ашуды тапсырды. Кейін АҚШ-тағы елшіміз Джордж Вашингтон университетінің қабырғасында Абай орталығын қалыптастырды. Кейін орталықтың қызметін әрі қарай жүргізу үшін М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына сұраныс жіберіп, тағылымдамадан өтетін адам сұратқан. Институт директоры да менің баруымды қолдап, өз пікірін білдірді. Осылайша АҚШ-тағы Абай орталығының қызметін үйлестіріп қайттым", – дейді ол.

АҚШ-та жинаған тәжірибесі туралы айта келе Ертай Сұлтан мұндай орталықтардың ашылуында тек мәдени ғана емес, саяси да астар жатқанын қосып өтті. 

"Мысалы, АҚШ төрінде Наурыз мерекесін ұйымдастырдық. Асық ату, бата беру, Жар-жар секілді дәстүрлерді көрсетіп, негізгі ұғымдарды ағылшын тіліне аудардық. Әрі продюсер болған Айтолқын Құрмановамен бірге "Ұлы даланың әуездері" деп аталатын подкасттар сериясын жаздық. Подкастымызда қазақтың күйі мен әндерінің тарихын түсінікті тілде тыңдарманға жеткіздік", – дейді ол. 

Қойшы баласының жаны әр уақытта қазаққа жақын

Ертай Сұлтан АҚШ-та атқарған жұмыстардан кейін көп ұсыныстар түскенін айтады. Бірақ тағылымдама мерзімі аяқталған соң елге оралған. 

"Ер жігіт бір рет қана сөйлеуі керек. Менің АҚШ-тан қайта оралатыным бастапқыда-ақ белгілі болған. Оның үстіне елімнің алдында, 10 жылдан аса қызмет еткен әдебиет институтында жауапкершілігім болды. Сонымен қатар "Болашақ" бағдарламасымен келісім жасастық. Бұл заңдық тұрғыдан. Екінші жағынан, ауылда өсіп, республикалық интернатта білім алғанмын. Бір сөзбен айтқанда ауыл мен қала мәдениетін білетін қойшының баласымын. Қойшы баласының жаны әр уақытта қазаққа жақын екенін тағы бір рет түсіндім", – деп түсіндірді оқытушы. 

Сонымен қатар елге оралуға 2022 жылы болған Қаңтар оқиғасының да әсері болғанын жасырмады. 

"Жаңа жылда ғана сөйлескен жақындарыммен екі күннен соң хабар алыса алмай қалдым. Қазақстанда интернет жоқ, шетелде жүрген соң сезім бөлек болады. Еліңнің тағдырынан хабарсызсың. "Ертең далада қаламын ба?" деген ой туындады. Артыңда тәуелсіз еліңнің барын, кез келген уақытта көмектесетінін сезіну мүлде бөлек. Отанға оралуға мұның да әсері болды", – дейді Ертай Сұлтан. 

Шетелдік білім беру жүйесінен тек менеджментті алу керек

Еуропа мен АҚШ-тың білім беру жүйесімен танысқан Ертай Сұлтан Қазақстандағы білім берумен саласымен салыстырып көрді. 

"Шетелдік студенттерде ой еркіндігі бар. Оқытушымен қарым-қатынас еркіндікке негізделеді. Дегенмен мұның да шегі болады. Осы тұста айтайын дегенім, бізге шетелдік білім беру жүйесінен тек менеджментті алу керек. Идеология мен басқасын тек қажеттілікке қарай бейімдеу қажет. Сол қалпында отандық білім беруге қосудың керегі жоқ", – дейді ол.

Оқытушының айтуынша, білім беру жүйесін дамытуға қазақтың тарихы мен әдебиеті де жеткілікті. Алайда оқу ақысы қымбат болғандықтан жастар шетелге ұмтылады дейді. 

"Біздегі оқу ақысы америкалық университеттермен шамалас. Сондай-ақ жастар жаңа дүниеге құмар келеді. Тіпті кей мемлекеттер студенттерді өздеріне тарту үшін имидж қалыптастырады. Ал бізде интернет қолжетімді. Мұның барлығы университет таңдауда әсер етеді. Осы тұста жастарға шектеу қоймау керек. Таным көкжиегін кеңейтіп, білім алмасқаны дұрыс-ақ. Бірақ жастар елге қайта оралу үшін не істеу керек? Бұл – кешенді шешімді қажет ететін мәселе. Себебі беделді деген оқу орындарының түлектерінің басты мақсаты – елден кету. Қазақстанда алған білімін өзге елде қызмет етуге жұмсауға дайын оқушылар мен студенттерді де талай кездестірдім", – деп қосты Ертай Сұлтан. 

Жастарға патриоттық сезімді дарыту үшін әдебиетті оқыту керек

Ертай Сұлтанның сөзінше, оқушылар қай бағытта білім алса да, әдебиетті тереңірек оқыту керек. Осылай жастарымыздың бойына ұлттық нәрді сіңіруге болады дейді. 

"Математиканы оқитын балаға әдебиеттің керегі не?" деген сұрақ туындайды. Бірақ оларға ұлттық тамырдан нәр алуы керек. Тым болмаса 8-сыныпқа дейін оқысын. Ұлттық нәр біздің әдебиетіміз арқылы беріледі. Сол кезде қазақтың образы, қазақтың мейірбандығы туралы ой туындайды. Әдебиеттегі Жиренше шешен мен Аяз би арқылы, батырлар жырындағы кейіпкерлер арқылы ата-бабасының қандай болғанын біледі. Сонымен қатар патриот деген ұғымды да анықтап алу керек. Мен үшін өзін қалыптастырып, білім алатын, отбасын сыйлайтын адам патриот. Мен де патриот болуға тырысып жүрген адаммын", – деп аяқтады оқытушы.

Талқылау