Жалдамалы лимузиннің жүргізушісі қазақстандықтың көйлегін дәретханаға лақтырып жіберген: Желідегілер оның әрекетін төмен бағалады
Фото: Threads скриншот
Бірнеше ай бұрын желіде Теміртау тұрғыны бір күнге жалдаған лимузиннің жүргізушісі оның көйлегін дәретханаға лақтырып жібергені туралы жазба жариялаған еді. Бұл оқиға қолданушылар арасында бірден қызу талқыланды. Ал енді зардап шегуші жүргізушінің әлі күнге дейін жауапқа тартылмағанын айтып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға неден басталды?
26 жастағы Теміртау тұрғыны тойға лимузин жалдаған. Қыдырып болғаннан кейін ол көлікте тойға киетін көйлегін ұмытып кеткен. Әйел көйлекті қайтару үшін жүргізушіге хабарласады, алайда ер адам оны қайтарудан бас тартып, ақыры киімді дәретханаға лақтырып жіберген. Бұл оқиға желіде қызу талқыланып, жазба 470 мыңнан астам қаралым мен мыңға жуық пікір жинаған. Кейін лимузин жүргізушісін полиция ұстаған.
Жәбірленуші не дейді?
Қазақстандық әйел парақшасында оқиғаның болғанына екі жарым ай өтсе де, лимузин жүргізушісі әлі күнге дейін жауапкершілікке тартылмағанын мәлімдеді.
"Екі жарым ой бойы олар тек жүргізушіні тергеген, негізі ол көйлектің көлікте қалғанын кеш айтқаны болмаса, ештеңеге кінәлі емес. Ал мұндай өрескелдікке жол берген лимузиндердің иесімен тіпті кездеспеген", – делінген жазбада.
Автордың айтуынша, одан әлі күнге дейін не кешірім сұрамаған, өтемақы ұсынбаған.
Полиция не дейді?
Tengrinews.kz редакциясы оқиғаны мән-жайын анықтау үшін Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сауал жолдаған.
“Құқық бұзушы дереу ұсталып, өзге азаматтың мүлкін әдейі жою фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал келтірілген залалды өндіру мәселесі азаматтық-құқықтық қатынастар шеңберінде сотта қаралуға тиіс екені жәбірленушіге түсіндірілді", – деп хабарлады ведомство.
Заңгер кеңесі
Заңгер Максим Мостович компанияның қандай жағдайларда заттар үшін жауап беретінін түсіндірді. Сарапшының айтуынша, ұйым екі жағдайда жауапкершілікке ие:
- Сақтау туралы шарт жасалған жағдайда (мысалы, вокзалда немесе банктегі сақтау камерасы);
- Заттарды сақтау компания қызметінің бір бөлігі болған жағдайда – фитнес-клубтар, супермаркеттер, пошта, гардеробтар, локерлер. Мұндай орындар өздері затты қалдыруды ұсынғандықтан, оның сақталуына жауапты болады.
Ал егер сақтау қызметі көрсетілмесе және компания заттың сақталуына жауап бермесе, бірақ иесі табылып, затын қайтаруды талап етсе – ол затты тастауға немесе бүлдіруге болмайды. Кінәлілер әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сот арқылы өтемақы төлеуге міндеттелуі мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда вандализм мен жеке мүлікті бүлдіргені үшін жаза күшейгені хабарланған еді.
"Әсіресе аяғы ауыр әйелдер мен балаларға өте қауіпті": "Гонконг" тұмауын кәдімгі тұмаудан қалай ажыратуға болады