Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайдың бас жоспарын әзірлеу тендерін тәжірибесі жоқ компания жеңіп алған: Жаңа конкурс әлі жарияланған жоқ

Фото Depositphotos.com

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов әкімшілік орталықтың бас жоспарын түзету конкурсын ұтқан мердігер компания мәселесіне пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алғашқы бас жоспар  2020 жылы қабылданған.

"Біз көптеген кемшіліктерді анықтадық, себебі оны сапасыз жасаған компания орындаған", – деді әкім.

Сол себепті 2025 жылы әкімдік экономиканың дамуы мен тұрғын үй құрылысын ескеретін жаңа бас жоспар әзірлеуді бастауға шешім қабылдаған. Қазан айында мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы анықталды. Компания тәжірибесі болмағандықтан, қала билігі мердігерден бас тартпақ.

"Біз қазір онымен келісімді бұзуымыз керек деп ойлаймын. Мұндай стратегиялық жоспарларды әзірлейтін компанияларға қойылатын талаптарды күшейтуіміз қажет", – деді Ақсақалов.

Ол мұндай құжаттармен айналысуға "Астана Генплан" және "Алматы Генплан" секілді ұйымдар лайық екенін айтты.

Журналистің Қостанайдың бас жоспарының жаңа әзірлеушісі табылды ма деген сұрағына әкім былай жауап берді.

"Әзірге жоқ. Алдымен келісімді бұзу керек, содан кейін жаңа конкурс жарияланады", - деп жауап берді.

Рая Мінәп
Сейсенбі, 23 Желтоқсан, 2025 16:44