Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Адамдар ары-бері қашты": Қостанайдағы атыстың куәгерлері оқиғаның мән-жайын айтып берді

Қостанай облысындағы Лисаковтада болған атыс туралы оқиға куәгерлері айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

"Итпен серуендеуге шыққанмын, қарасам полиция да келіпті, олар келмесе не боларын білмеймін. Ол адамдардың бәріне оқ жаудырды. Бір полиция қызметкеріне оқ тиді", - дейді Лисаков тұрғыны.

"Мен осы үйде тұрамын. Диванда жатқанмын. Дыбыстар естідім. Балконға шықсам, атыс болып жатыр. Біздің полицейлер оқ өтпейтін кеудеше мен каска киіп алыпты. Полиция болмаса, не болатынын білмеймін, адамдар көзі көрінген жерге қашты. Полиция дер кезінде әрекет еткені жақсы болды", - дейді жергілікті тұрғындардың бірі. 

Полиция қызметкері, жедел-тергеу тобы қатысушыларының бірі қарулы ер адамды залалсыздандыру операциясы қалай жүргенін айтып берді.

"Кезекші бөлімге үшінші шағынаудандағы 18 үйдің бесінші кіреберісінде мылтықпен ер адам жүргені туралы ақпарат алдық. Жедел топ оқиға орнына шықты. Біз келгенде қансырап жатқан екі әйелді таптық. Екінші қабаттан атқышты көрдік, ол мылтығымен бізге ата бастады. Оған қару-жарақ таста, полиция, деп ескерту жасадық, ер адам жауап қатпай атуды жалғастырды, осылайша оған қару қолданылды, содан кейін ер адам залалсыздандырылды", - деді ол.

Айта кетсек, Қостанай облысындағы Лисаковск қаласындағы тұрғын үйдің кіреберісінде ер адам атыс шығарды. Екі адам жараланып, нәтижесінде біреуі ауруханада көз жұмды. 

Күдікті ұсталған кезде жарақат алып, кейін реанимацияда көз жұмды. Сондай-ақ, жараланған әйелдердің бірі де мерт болды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Прокуратура қаруды қолданудың заңдылығын тексеретін болады.

Талқылау