Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайда жарымжан әйелдің отбасы 10 жылдан бері тар бөлмеде тұрып жатыр

Қостанайда 737 мүгедек үй кезегінде тұр. 2016 жылы тізімдегі екі–ақ адамға пәтер берілсе, былтыр ешкімге бұйырмапты. Жақында  облыстық мәслихаттың сессиясында бұл мәселе талқыланған. Бірақ жергілікті шенеуніктер түйткілді шеше алмайтындарын ашық айтты. Себебі мүгедектерге кезектен тыс пәтер беру керек деген заң жоқ.

Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.

Нұрзия Сақытбаева азғана айлығы мен жәрдемақысына баспана жалдайды. Отбасындағы алты адам 10 жылдан бері отыз шаршы метрді мекендеп келеді. 2011 жылы қалалық әкімдікке арыз жазып, үй кезегіне 2151-ші адам болып тіркелгенін айтады. Кезектің жылжитын түрі жоқ. Ипотека рәсімдеуге табысымыз жетпейді. Баспана мәселесі –бас қайғыға  айналды,- дейді арбаға таңылған ана.

«Бәріміз енді жұмыс істейміз ғой. Отбасымда бәрі жұмыс істейді. Менің жәрдемақым бар. Жолдасым 4 жыл бұрын инсульт алған, қазір жеңіл жұмысқа ауысты. Айлығы аз, алатын дәрілері де бар. Ипотекаға шамамыз жетпейді. Кірісіміз аз», – дейді 1- топтағы мүгедек Нұрзия Сақытбаева.

«Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігінің мүгедектерді баспанамен қамту мәселесін көтеріп жүргеніне он жылдан асты.

«Әкімдік кезегі бойынша баспана алу мүмкін емес. Мүмкіндігі  шектеулі жандарға  мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіншілігін беру қажет. Мәселен «қолжетімді баспана» бағдарламасының мүгедектерге арналған баламасын қабылдап, оларға төмен пайызбен және төменгі қабаттан үй беру жағын қарастыру керек. Мүмкіндігі шектеулі жандардың бүгінгі таңда табысы да келмейді. Бүгінгі алыпжатқан зейнетақы да жетпейді. Сондықтан бұл мәселені үкіметтік деңгейде қарастырып , жоғары жақтан бір шешімін табатындай, осы мәселеге қатысты  жоғары жақтан заң қабылдайтындай шешу керек», – дейді «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дүйсенғали Оспанов.

Қазіргі таңда 23 мыңнан астам аймақ тұрғыны үй кезегінде тұр. Тең жартысы облыс орталығынан пәтер алғысы келеді. Соның жеті жүзден астамы 1 және 2 топ мүгедектері мен кемтар бала тәрбиелеп отырған отбасылар.

«Тұрғын үй заңнамасына сәйкес кезектен тыс үй алатындар санатына Ұлы отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері, тұл жетімдер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жандар  жатқызылады. Ал әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы бірінші және екінші топ мүгедектерінің кезектен тыс пәтер алуға құқы жоқ», – дейді Қостанай қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Омаров.

«Үмітіміз бар енді. Қазір салып жатыр ғой көп пәтерлерді. Бір пәтер бізге де бұйырар деп отырмыз енді. Біздің жағдайымызға қарап», – дейді 1- топтағы мүгедек Нұрзия Сақытбаева.

Иә, Нұрзия Сапабекқызы үмітін үзбейді. Тар бөлмеде тарыққан жандар жаңа қонысқа қол жеткізетін жарқын күнге сенеді. Мұқтаж жандардың жағдайына қарап Ақтөбеде бірнеше жыл бұрын тоғыз қабатты екі үй бой көтерген екен. Көрші облыстың игі бастамасы Тобыл өңірінде жүзеге асса деп армандайды.

Жоспар бойынша биыл Қостанайда 3 көпқабатты үй пайдалануға беріледі. Мұндағы 216 пәтер әкімдік кезегінде тұрған әлеуметке бұйырмақ. Біздің кейіпкер Нұрзия үй алатындардың арасында жоқ. Кезегі үміті үзіліп кетпейтіндей уақытта жете ме? Үміттен бөлек, денсаулық жағдайы бар… Жалпы, 2016 жылы екі-ақ мүгедек адамға пәтер берілсе, былтыр ешкімге бұйырмаған.

Оқи отырыңыз:

Қостанай облысында жаңа қала пайда болды

Ақтөбеде полицейлер жоғалып кеткен қарияны тауып алып, артынан жібере салған

Талқылау