Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайда науқасының шабуылына ұшыраған дәрігер айыпталушының жазасын қатаңдатуды талап етті

Фото: instagram.com/@vrachi_kostanay

Қостанайда науқасының шабуылына ұшыраған хирург Антон Кистанов өзін соққыға жыққан адамға берілген жазаны күшейтуді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Зардап шеккен дәрігердің адвокаты Арайлым Аманқұлованың айтуынша, жәбірленуші сот қылмыскерге тым жеңіл жаза тағайындады деп есептейді. Ол сот шешіміне апелляциялық шағым түсірген.

Айта кетейік, бұған дейін Қостанайда дәрігерді соққыға шыққан күдікті Абылайхан Саринжеповке сот алты айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған еді. Сонымен қатар, жәбірленуші Кистановтың пайдасына 2 миллион теңге моральдық шығын және 500 мың теңге заңгерлік қызмет үшін өтемақы өндірілген.

Жазаның жұмсақтығы қоғамда қызу талқыға түсті.


15 жылға дейін бас бостандығынан айыру: Қазақстанда дәрігерлерге шабуыл жасағандар қатаң жазаға тартылмақ

Шымкентте перинатальды орталықта зейнеткер дәрігерді ұрып жіберген


Арайлым Аманқұлова өзінің Instagram парақшасында сот үкіміне қатысты мәлімдеме жасады.

“Біз бұл үкімді тым жеңіл, әрі қылмыстың ауырлығына және жәбірленушінің қазіргі жағдайына сай емес деп санаймыз. Кистанов қылмысқа дейін белсенді, еңбекке қабілетті, отбасын асыраушы жалғыз адам болған. Ал болған оқиғадан кейін оның өмірі түбегейлі өзгерді. Сот-медициналық сараптама растаған ауыр жарақаттар, ұзақ мерзімді оңалту кезеңі қажет, жұмысқа қайта оралып, отбасын қамтамасыз ете алмайды. Ал оны денсаулығынан және қалыпты өмірінен айырған адам бар болғаны алты ай бас бостандығынан айыру жазасын алды. Оның үстіне, айыпталушы бұған дейін де бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған, соның ішінде жеке тұлғаға қарсы қылмыстар үшін. Ол өз әрекетінен сабақ алмаған, өкінбеген, моральдық зиянды өтемеген және жәбірленушіге көмек көрсетпеген. Біз апелляциялық шағым түсіріп, үкімді өзгертіп, айыпталушыға 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды талап етеміз”, – деп жазды адвокат.

Еске салсақ, бұған дейін Қостанай облыстық ауруханасында науқас дәрігерге шабуыл жасағанын жазған едік. Науқастың шабуылынан есінен танып қалған Антон Кистанов кейіннен комаға түсті. Ауыр жарақат алған дәрігер санитарлық авиациямен Астанаға жедел медициналық жәрдем орталығына жеткізілген еді.

Дана Русланқызы
Жұма, 24 Қазан, 2025 19:05
Талқылау