Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайда көлік құрастыратын зауыт қызметкерлеріне арналған тұрғын үй кешені салынды

Қостанайда автокөлік зауыты қызметкерлері мен өңірдегі жас мамандар үшін салынған Allur Campus заманауи тұрғын үй кешені есігін айқара ашты. 

Ғимараттың жалпы аумағы – 13,5 мың шаршы метр. Онда шамамен 300 адам тұра алады. Кампуста 71 отбасыға пәтер, студенттерге арналған 60 бөлме және қонақтарға арналған 20 орын бар. Әр блокқа жеке ас бөлмесі мен жуынатын бөлме салынған. Сонымен қатар тұрғындар үшін медицина пункті, кітапхана, компьютер сыныбы, спортзал және кір жуатын орын ашылды.

Ғимараттың құрылысы 2023 жылы басталған. Жобаға 2,1 миллиард теңгеден астам инвестиция салынып, оны толықтай Allur компаниясы қаржыландырды. Бүгінде зауытта 3,5 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Кампустың алғашқы тұрғындары 2025 жылғы тамызда қоныстанды. 

"Жаңа пәтерімізге көшіп алдық. Мұнда жайлы ас бөлмесі, демалыс орындары – бәрі бар. Отбасымызбен қуанышымыз қойнымызға сыймай жүр, себебі жұмысымыз да, мектебіміз де үйіміздің дәл жанында. Балаларға да жақсы жағдай жасалған. Компанияның қамқорлығын сезініп жатырмыз, ал бұл біз үшін өте маңызды”, – деді Allur Campus-тың алғашқы тұрғындарының бірі Жомарт Тұрмышев. 

Кампус Allur автокөлік зауытының дәл қарсы бетінде орналасқан, яғни зауыт қызметкерлерінің жұмыс орнына тиіп тұр. Оның маңында Назарбаев зияткерлік мектебі, Мұз айдыны, Облыстық филармония, Kostanay Plaza ойын-сауық сауда орталығы, "Тобыл Арена" спорт кешені және тағы басқа әлеуметтік нысандар бар. Бұл тұрғындар үшін, әсіресе, жұмыс пен оқуды қатар алып жүрген жастар мен отбасыларға өте қолайлы.

Жоба Қостанайдың өндіріс ортасының бір бөлігіне айналды. Мұнда тек автокөлік бөлшектері шығарылмай, мамандарға өмір сүруге және дамуға қолайлы жағдай жасалып жатыр. Енді екінші кезеңде 260 бүлдіршінге арналған балабақша мен спорт алаңдары салынады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде футбол және баскетбол алаңдары, жүгіруге арналған жол, workout-аймақтар мен үстел теннисі бар. 

"Біз өндірісті дамытып қана қоймай, осы ауқымды істің артында тұрған адамдар жайлы өмір сүрcін деп жағдай жасағымыз келеді. Қызметкерлеріміз бен олардың отбасы қауіпсіз, заманауи әрі жайлы ортада тұрса дейміз. Адамдарға қамқор болу, жұмыс пен жеке өмір арасындағы балансқа құрметпен қарау және өңірдегі өмір сапасының жаңа деңгейін қалыптастыру – Allur философиясының бір бөлігі", – деді Allur автокөлік зауытының атқарушы директоры Арғұлан Майқонов.

Осылайша Allur Campus тек жаңа тұрғын үй кешені емес, өңірдің маңызды инфрақұрылымына айналды. Бұл жоба компанияның адам капиталын дамытуға және мамандарға заманауи тұрмыс пен қолайлы еңбек жағдайын жасауға бағытталған стратегиясын айқын көрсетті.

Наргиза Аршидин
Жұма, 26 Қыркүйек, 2025 14:14
Талқылау