Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайда халықаралық жастар форумы өз мәресіне жетті

Қостанайда екі күнге созылған дәстүрлі жастардың "Тобыл – достық өзені" халықаралық жастар форумы өз мәресіне жетті. Форумға көршілес Ресей Федерациясының шекаралас аудандары мен облыстарынан келген қазақ диаспорасының делегациялары қатысты. 

Екі мемлекеттің шекара маңы жастарының ынтымақтастығын нығайтуды мақсат еткен дәстүрлі форум Қостанай облысы әкімдігінің "Қоғамдық келісім" КММ бастамасымен өткенін айта кеткен жөн.

"Өздеріңіз көріп тұрғандай Қостанай жерінде өтіп жатқан бұл форум көршілес екі елдің жастары асыға күткен достық мерекесі десе де болады. Биылғы форумға Ресей Федерациясының Челябі, Ялуторовск, Тобольск және Қорған қалаларынан делегациялар қатысуда. Форумның түпкі көздеген идеясы – тату көршілік қарым-қатынасты барынша нығайта отырып, Тобыл өзенінің сағасында орналасқан қалалармен ынтымақтастықты жаңа белеске көтеру. 

Жастар форумына ресейлік қонақтардан басқа, облыстың Жітіқара, Лисаков, Рудный, Қостанай қалалары мен Денисов ауданынан келген жастар қонақ болды. Форум 18 бен 29 жас аралығындағы алпыстан астам жалынды жастың басын біріктірді.  Форум ұлтаралық байланысты нығайтып қана қоймай, халықтар арасындағы татулық пен бейбіт келісімнің озық үлгісі болатынына сеніміз мол", – дейді Қостанай облыстық "Қоғамдық келім" КММ басшысы Наталья Рамазанова.

Форум биыл  Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұлт ұстазының рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл қою рәсімімен басталды. Сол жерде форумға қатысушыларды Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасы  басшысы Марат Жұрқабаев, А. Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессоры Қалқаман Жақып пен ҚХА ғылыми сараптама тобының төрағасы Динес Качеевтер құттықтап, форум жұмысына сәттілік тіледі.

Одан әрі Ы.Алтынсарин кесенесіне экскурсия және тимбилдингтер өткізіліп, коммуникативтік дағдыларды дамытуға бағытталған квест-ойындар болды. Форумның танымдық бөлігінде кибербуллинг және интернет қауіпсіздігі бойынша шеберлік сабақтары өткізілді. Онда жергілікті және ресейлік жоғары оқу орындарының білікті спикерлері өз дәрістерін оқыды.

"Менің дәрісім интернет қауіпсіздігі төңірегінде. Қазір БАҚ-nа, әлеуметтік желілерде жарға жығатын көптеген ақпарат бар. Оның ақ-қарасын анықтап, сенімді мәліметті таңдауда жастарға сыни ойлауды үйретуіміз қажет. Біз қазірден бастап мектеп оқушылары мен студенттерге бағытталған жобаларды әзірлеуіміз керек. Ол өз кезегінде алаяқтардан қорғануға және киберқауіпсіздік алгоритмдерін жасауға мүмкіндік береді. Қазіргі геосаяси жағдайда бұл өте қажет",  – дейді ҚХА ғылыми сараптама тобының төрағасы Динес Качеев.

Жалпы форум бағдарламасы екі күнге созылды. Ерекше жиында бас қосқан жастар алғашқы күні "Өз елімнің тарихы" атты айдарда Қостанай өлкесінің тарихын зерделеді. Ал екінші күні форум қонақтары мен облыстың қалалары мен ауданынан қатысқан жастар әскери-патриоттық тәрбиеге бағытталған жарыстарға қатысты.

"Маған биыл "Тобыл - достық өзені" жастар форумына қатысудың сәті туып отыр. Бұл форумды ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлының 150 жылдығы құрметіне орайластырып отыр. Форум аясында көптеген танымдық дәрістер тыңдап, туристік квест ойындар ойнадық. Маған әсіресе, квест ойыны ұнады. Онда біз барлаушы, шатыр құру, нысана көздеу, алау жағу тағы да басқа тапсырмаларды орындадық. Оның сыртында осы форумда көптеген жаңа достар таптым", –  дейді форумға қатысушы Евгения Радченко.

Форум кешке түрлі танымдық ойын-сауық бағдарламасы мен жастардың би кешіне ұласты. 

Талқылау