Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайда ерекше субұрқақ ашылды

Шаһарды шырайландыру шеңберінде Қостанайда қолға алынған шаралар аз емес. Биыл қала көшелерін абаттандыру мен инфрақұрылым мәселесіне мейлінше мән беріліп отыр. Әсіресе, көпшілік көп шоғырланатын жерлердің ажарын арттыру мақсатында облыс орталығында жаңа нысандар пайда болып жатыр. Мысалы, музыкалық субұрқақты айтуға болады. Ол -  алдағы қала күніне жасалған тамаша тарту-таралғы.

"Біз биыл облыс орталығында осымен 6 субұрқақты жаңғыртып, пайдалануға бергелі жатырмыз. Алдағы уақытта "Француз орталығының" жанындағы және қалалық әкімдік алдындағы субұрқақ іске қосылмақ. Бүгінде тассырмақтары жаңартылып, ол жерлер сәнді гүлзарлармен безендірілді", –  дейді қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Данияр Сәбитов.

Ертеректе ортасында аққу жүзген субұрқақ бүгінде су жаңа кейіпке еніп отыр. Ол түнгі қаланы ерекше әрлендіріп, әртүрлі пішінде музыка ырғағымен аспанға шапшып билейді. Демалыс аумағындағы нысанды қайта жанғыртуға 130 млн теңге қаржы жұмсалған екен. Субұрқақтың ашылу рәсіміне қатысқан қала тұрғындары санында қисап жоқ. Сәні мен салтанаты үйлескен сәтке жергілікті тізгін ұстаған тұлғалар мен азаматтық форум қатысушылары да тікелей куә болды.

"Мұндай демалыс орындары әрбір қалада болуы керек. Өйткені ол біріншіден, кешке жұмыстан шаршап келген адамдардың сергуіне сеп болады. Екіншіден, біз сияқты қала меймандарына көрсетер керемет дүниелердің бірі деп есептеймн. Өзім Тараз қаласынан болам. Бізде мұндай субұрқақтардың саны оннан асады. Тобыл өңіріндегі тұңғышы екен. Ұзағынан болсын деймін. Жалпы, маған ұнады. Енді шағын аудандарда да салынса, нұр үстіне-нұр болар еді", - дейді Жамбыл облысының тумасы Дастан Исалмбек.

Бүгінде Қостанай қаласында бас-аяғы 24 субұрқақ бар. Оның жиырмасы - станционарлық, төртеуі - жүзбелі. Биыл Байтұрсынов көшесіндегі төрт, орталық саябақта екі субұрқақты жөндеу жұмыстарының жоспары түзілген. Биыл алты субұрқақты іске қосу үшін барлығы 280 млн теңге қаржы қарастырылған. Қостанайлықтар қаланың қақ ортасындағы субұрқақ өркениетті өмірдің көрінісін еселей түсті деген пікірде. 

"Сүйікті шаһарымыздың жүрегі саналатын алаңда осындай субұрқақтың болуы әбден жарасымды. Бұл бұқараның, соның ішінде, жастардың жиі жиналатын орны болатыны айдан анық. Себебі, кешкі самалмен тербеліп, керемет көрініске көз тойдыру – ғанибет. Еш жасырары жоқ, шамалы кештеу ашылды. Дегенмен, ештен кеш жақсы ғой. Жаздың соңғы айында армансыз серуендеп алуымызға мүмкіндік тудырған билік өкілдеріне мың алғыс!" - дейді жергілікті тұрғын Қуаныш Есімханов. 

Орталық саябақта орналасқан субұрқақ таңертеңгі сағат сағат 09.00-ден 23.00-ге дейінгі кесте бойынша жұмыс істейді. Музыка ырғағына тербелу көріністерін тұрғындар мен қала қонақтары қас қарайған шақта тамашалай алады.

Талқылау