Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайда бойжеткенді зорлықтан құтқарып қалған ер адам тергеуге алынды

Қостанайда күзет қызметкері қиын жағдайға тап болған бойжеткенге көмектесіп, тергеуге алынды. Шыңғыс Исахметовке  өкілеттігін аса қатты пайдаланды деген айып тағылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Наш Костанай" басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Маусым айының 23-нен 24-не қараған түні Амангелді көшесінің бойында орналасқан №15 балабақшаның күзетшісі көмек үшін арналған пернені басқан. Оқиға орнына жеткен пульттік күзетшілердің қатарында Шыңғыс Исахметов болған. 

"Балабақшаға 3-4 минуттың ішінде тез жеттік. Күзетші бізге аймақта бір қыздың көмекке шақырып айқайлап жатқанын айтты. Мен әріптестеріммен бірге қыздың дауысы шыққан жерге бардым. Не болып жатқанын көріп, қатты таңғалдық. Екі жігіт нәзік қызды ұстап тұрды, ал үшіншісі зорлап жатыр. Қыз қарсыласып жатты", — дейді Шыңғыс Исахметов. 

Пульттік күзеттің қызметкерлерін байқап қалған ер кісілер жан-жаққа қашқан. Екеуі бір жаққа, ал зорлаған адам жекеменшік сектор бар Абай көшесіне қарай жүгірген. Исахметов оның артынан қуған. 

"Тоқтауын сұрадым. Бірақ ер адам қарсылық танытып, бірнәрсені айқайлап, әрі қарай жүгірді. Сосын оның қолында бір заттың жарқ еткенін көрдім. Басында пышақ деп ойладым. Осыған дейін пышақталғаннан кейін, қайтадан ондай жарақат алғым келмеді. Бір рет ауаға аттым. Алайда, ол әрі қарай жүгіре берді. Екінші рет атқанымда оқ ішінің тұсына тиді. Ол кішкене жүгірді де, тоқтады. Бірден жедел жәрдемге және 102 нөміріне хабарластым", — дейді пульттік күзеттің қызметкері. 

Осы кезде Исахметовтың әріптестері қашып кетпек болған екі ер адамды ұстады. Оқиға орнына келген полицейлер барлығын, тіпті пульттік күзеттің қызметкерлерін бөлімге алып кеткен. 

Шыңғыс Исахметовке қатысты ҚР ҚК-нің 252 бабы, 2 бөлігі бойынша (Жекеменшік күзет қызметтерi қызметкерлерінің өкiлеттiктерiн асыра пайдалануы) іс қозғалды. Бұл бап бойынша ол үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Полиция департаментінде пульттік күзет қызметкерінің қару қолданғаны расталды. "Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Оның нәтижесінде қорытынды шешім қабылданады. Осыған байланысты: "Исахметов өкілеттілігін аса қатты пайдаланды ма?", — деген сұраққа, - мүмкін болып көрінбейді", — дейді ведомство өкілдері. 

Сонымен қатар, олар ҚР ҚК 120 бабы, 2 бөлігі ( Алдын-ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған зорлау) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдіктілер қамауға алынбаған және олар сотқа дейінгі тергеу жұмыстарына келуге міндетті емес.

"Көмекке шақыруға арналған перне басылса, біз оқиға орнына барып ешнәрсе істемеу керекпіз бе? Ұры, кісі өлтіруші өз ісін аяғына дейін жеткізбейінше қарап отырамыз ба? Сосын олардан мәдениетті түрде берілуін сұрау керек пе? Артынан жүгірмей, бізге жұдырықтарын ала жүгіргенде қарсылық танытпаймыз ба?", — деп таңырқанды Шыңғыс Исахметов. 

Пульттік күзеттің қызметкері сұрақтары өте көп екенін, бірақ оларға ешкім жауап бере алмайтынын жасырмады. 

 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 31 Шілде, 2019 21:34
Талқылау