Қостанай тұрғыны сайлауда екі рет дауыс берген болып шықты
Қостанай тұрғыны Владимир Крикун бүгінгі өткен парламенттік сайлауда екі рет дауыс бергені анықталды. Бұл туралы ол Facebook желісінде жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Qostanai.media порталына сілтеме жасап.
Сөзінше, ол алғашында педагогикалық колледжге барған. Өйткені оған өзі тіркелген сайлау учаскесі осында деп көрсетілген смс хабарлама келіпті. Ер азамат басқа ауданда тұратындықтан, аталмыш сайлау учаскесінде оның есімі табылмапты. Алайда ондағы комиссия мүшелері қостанайлық тұрғынды осында тіркей салатындарын айтып, сайлау бюллетенін ұсыныпты.
Колледжде дауыс берген соң ол өзінің тұрғылықты жері бойынша сайлау учаскесіне барған. Бұған қоса, ер адам дауысын басқа жақта бергенін жеткізіпті. Дегенмен оның сайлауға қатысқаны туралы ақпарат келмеген екен. Осылайша Владимир Крикун сайлауда екі рет дауыс беріпті.
"Қазіргі таңда №60 сайлау учаскесінің комиссия мүшесі онда тіркелмеген азаматқа бюллетень ұсынғаны үшін қызметінен шеттелді", - деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы.
Әлеуметтік желі қолданушылары Владимир Крикунды әдейі екі рет дауыс беріп, қызметкердің басын дауға қалдырғаны үшін сөге жөнелді.