Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанай тұрғыны әлеуметтік желіде репост жасағаны үшін 20 тәулікке қамауға алынды

4 қазанда Қостанай облыстық сотында белсенді Сергей Зинченкоға қатысты іс қаралды. Бұған дейін әкімшілік сот оны жала жапты деп танып, 20 тәулікке қамауға алу туралы үкім шығарған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Наша газета басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Наша газета

Белсенді Сергей Зинченко Facebook парақшасында нөмірінде "Сыпайы адамдар" деген жазуы бар жақтаумен қоршалған көліктің суретін жариялаған. Ол жазбасында көлік иесін "Қостанайлық сепаратист" деп атады. Осыдан кейін Зинченко бұл жазбаны Instagram парақшасына салып, оған Википедиядағы "Сыпайы адамдар" терминінің сипаттамасын қосады.

Бұл тіркес 2014 жылы Украинаның Қырымын аннексиялауға қатысқан, сәйкестендіру белгілері жоқ ресейлік сарбаздарды сипаттау үшін қолданылған.

Облыстық соттың апелляциялық алқасының отырысы құқық қорғаушылардың қатысуынсыз өтті. Іс арыз берілген күні қаралды. Сот отырысына жәбірленуші, яғни көлік иесі қатыспады.

“Аталған мәтіндік түсініктемелер жансыз затқа, яғни автокөлікке қатысты, сол себепті іс бойынша қылмыс құрамы жоқ екені туралы шағымның дәлелдерін сот қабылдамайды. Фотода мемлекеттік тіркеу белгісінің болуы көлік иесін анықтауға және оған арнайы түсініктеме беруге мүмкіндік беретіні сөзсіз”, – дейді апелляциялық алқа судьясы Владимир Долгих. 

Фото: Наша газета

Судья Долгих, Зинченконың көлік иесі “сепаратист” деген тұжырымына тоқталды. Сөзінше, бұл сөз азаматты мемлекеттің тұтастығына қарсы қылмыс жасады деп айыптаумен тең. 

"Азаматтық құқық теориясында мұндай әрекеттер "кінәлау" терминімен сипатталады, яғни “субъективті құқықтарды тек басқа адамға зиян келтіру ниетімен жүзеге асыру". Зинченконың әлеуметтік желіде көлік иесі туралы мұндай ақпаратты таратуы азаматтың беделін түсіру ғана емес, Қазақстанның басқа азаматтары тарапынан оның жеке басына сын мен наразылық білдіру үшін бағытталғаны анық. Мұндай әрекеттер қасақана жасалған”, – дейді Владимир Долгих.

Облыстық сот бұл бапта ірі көлемдегі айыппұл түріндегі жаза қарастырылғанымен, 20 тәулікке қамауға алу жазасын заңды деп тапты. Істе жеңілдететін мән-жайлар болмағандықтан қамауға алу таңдалды.

“Мен өз сөзімде, егер сот Зинченконың әрекетінен жалған мәліметтер көрсе, онда оның әрекеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-бабының 2-бөлімімен (Шығарылым деректерiн хабарлау тәртiбiн бұзу)  квалификациялануға тиіс екенін баса айттым. Бұл – мүлдем басқа бап. Онда айыппұл түріндегі жазалау қарастырылған. Бірақ бірінші сатыдағы сотта ол жалған ақпарат деп танылған жоқ. Өйткені Зинченко жарияланған ақпараттың растығына сенімді болды. Сондықтан мен соттан соңғы шара ретінде жала жабу туралы бапты жалған ақпарат тарату туралы бапқа өзгертуді сұрадым. Бірақ сот шағымымды қанағаттандырмады. Сот бар назарын көлік нөміріне аударды. Бірақ оның иесін білу үшін полиция базасына бару керек. Тиісінше, фотода жәбірленуші туралы жеке ақпарат жоқ деген ұстанымдамын. Фотода жансыз зат көрсетілген”, – деді Зинченконың адвокаты Дамир Хамитов.  

Облыстық соттың қаулысы заңды күшіне енді. Дамир Хамитов Сергей Зинченкомен еліміздің Жоғарғы сотына шағымдану мүмкіндігін талқылайтынын айтты.

Талқылау