Қостанай облысының соты орман шаруашылығының бұрынғы басшысынан 21 миллиард теңге өндірді
Қостанай облысында “Басаман” орман шаруашылығы кәсіпорнының бұрынғы басшысы Асхат Жақашев Аманқарағайдағы орман өрті үшін 21 миллиард 436 млн теңге төлеуге міндеттелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Төтенше жағдай министрлігі
Экс-директор қазірдің өзінде өрт маусымында ағаш кесушілерді заңсыз жұмысқа жібергені үшін жазасын өтеп жатыр. Салдарынан 40 гектар орман мен ауыл тұрғындарының үйлері өртке оранды.
Бір жыл бұрын "Басаман" орман шаруашылығы кәсіпорнының экс-басшысы Асхат Жақашев 4,5 жылға сотталып, жалпы режимдегі колонияға жіберілген еді. Дәл осы орман шаруашылығынан 2022 жылдың қыркүйегінде алапат өрт шықты. Жақашев өрт қаупі жоғары кезде Қостанай облысының орман қоры аумағында адамдардың болуына тыйым салынғанына қарамастан, жеке бригаданың орманда ағаш кесу жұмыстарына жіберген. Мұның соңы қайғылы жағдайға әкеп соқты.
Сондай-ақ ағаш өңдеушілер ақшаны оның жеке шотына аударуға мәжбүр болған. Қазір Қостанай қалалық соты экс-директордан 20 миллиард теңгеден астам шығынды өндіріп алды.
“Талап арызды ішінара қанағаттандырылып, жауапкерден мемлекетке 21 миллиард 436 миллион шығын өндірілді. Оның 326 миллионы аудандық бюджетке, қалғаны облыстық бюджетке түсті. Сот ортақ үлестік меншікті құру және жұбайының ½ үлесін өндіріп алу туралы талаптарды мерзімінен бұрын қойылған деп санады”, – деп мәлімдеді Қостанай облыстық сотының баспасөз хатшысы Ләззат Байғожина.
Бұған дейін Қостанай облыстық соты Асхат Жақашевті қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, оған өмір бойына мемлекеттік қызметте басшылық қызмет атқаруға тыйым салып, сотталушыны 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.
Бұған дейін Астанада өрттен қаза тапқан төрт баланың өлімі туралы көршілері айтып берген еді.