Қостанай облысындағы өрт: Орман шаруашылығының бұрынғы директоры қамаудан босатылды
Басаман орман шаруашылығының бұрынғы директоры Асғат Жақашев қамаудан босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Наша газета” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
2022 жылдың қыркүйегінде Қостанай облысында орман өрттері орын алып, алау елді мекендерге тарады. Ондаған отбасы баспанасынан айырылды. Өңірде барлығы 108 нысан өртенді, оның ішінде Аманқарағай ауылының 85 үйі және Озерное ауылындағы алты үйі бар. Басаман орман шаруашылығының директоры лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған жағдайға жеткізді деп айыпталды.
Сот айыптау бабын жұмсартып, "Абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соқтырған немқұрайлылық" деп өзгертті.
Іс Қостанай сотында үш айдан астам қаралды, 24 тамызда судья Алтын Байжұманова үкімді жариялады. Сотталушыға төрт жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Ол үш жыл ішінде ол белгілі бір лауазымдарды атқара алмайды. Мемлекеттік айыптау Жақашевқа орташа қауіпсіздік колониясында жеті жыл түрмеде отыруды сұрады.