Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанай облысындағы ауылдардың бірінде ата-аналар балаларын былтыр қабырғасы опырылған мектепке апаруға қорқып отыр

МектепФото: видеодан кадр

Қостанай облысы Новонежинка ауылының тұрғындары былтыр жөндеу жұмыстары кезінде қабырғасы мен аражабын тақталары опырылып түскен мектепке балаларын апарудан қорқып отыр. Сол кезде абырой болғанда, ешбір адам зардап шекпеген. Биыл ғимаратты қайта қалпына келтіріп, қабырғаларын нығайтқанымен, ата-аналардың күмәні сейілмеген. Оның үстіне бас мердігер ғимарат әлі де қауіпті деген уәжбен жөндеу жұмысын жүргізуден бас тартқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Телеарна мәліметінше, былтыр мектепті күрделі жөндеу кезінде тереза алдындағы тақтайды бұзбақ болғанда екінші қабаттың қабырғасы мен аражабын тақталары опырылып түскен. Бұл жайттан кейін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, аралық қабырғалар нығайтылған. Алайда бас мердігер құрылым күмән туғызғандықтан, келісім-шартты бұзуға шешім қабылдапты. Бұған ата-аналар да алаңдаулы.

"Енді ғимаратқа бірінші ауысымдағы 150 адам кіреді делік. Бізде екі ауысым бар. Ешкім жоқ кездің өзінде майысып жатса, не болады? Ал балалар секіріп ойнағанда ше?", – дейді ауыл тұрғыны Майра Белендер.

Қабырға опырылғаннан кейін оны қалпына келтіру және нығайту жұмыстарына екі түрлі компания тартылған, ал үшіншісі – "Гренада" фирмасы нығайту жұмыстары аяқталғаннан кейін күрделі жөндеу жұмыстарын жалғастыруы керек еді. Алайда компания өкілдерінде ғимаратты нығайтуға қатысты сұрақтар туындаған. Енді олар сот арқылы келісім-шартты бұзбақ.

Мектеп ішіФото: коллаж

"Үшінші қабат жабынының арасындағы сылақ түсіп жатыр, бұл аражабын тақталарының қозғала бастағанын көрсетуі мүмкін. Тапсырыс берушіге кез келген жағдай болуы мүмкін екенін және оның қауіпсіз емес екенін ескерттік, бірақ тапсырыс беруші бұған өзіміз кәнілі екенімізді, перфоратор қолданғанымызды айтты", – дейді мердігер компанияның басшысы Анатолий Громченко.

Әкімдік мектептің оқу жылына 72 пайыз дайын екенін айтып, бас мердігерден күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтауды сұрайды. Сылақ түскеннен кейін сараптама жүргізілген, сараптама опырылу қаупі жоқ екенін көрсеткен.

"21 шілдеде "Гренада" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне келісімшартты ұзарту туралы қосымша келісім жіберілді, бірақ "Гренада" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас тартты. Олар ғимарат апатты жағдайда екенін алға тартады, бірақ бізде зерттеу жүргізген Промтехэксперттің қорытындысы бар, онда ғимарат апатты жағдайда емес екені айтылған", – дейді Әулиекөл аудандық білім бөлімі бастығы Досбол Құсайынов.

Ата-аналар тәуелсіз сараптама жүргізуді сұрап отыр. Өйтпеген жағдайда балаларды мектепке апарматынын айтады. Ғимаратты жөндеуге 900 миллион теңге жұмсалған. Тұрғындар бұл ақшаға жаңа мектеп салуға болатын еді дейді.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 05 Тамыз, 2025 11:23
Талқылау
`