Қостанай облысында үйден өрт шығып, бес бала тірідей жанып кетті
Қостанай облысында үйден өрт шығып, шатыры опырылуынан бес бала қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Оқиға таңғы сағат 4:29-да Жітіқара қаласындағы жеке шаруа қожалығының аумағында болған. Өрт салдарынан тұрғын үйдің шатыры опырылып түскен.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар 7 минутта жеткен, бірақ бұл кезде үй толығымен өртенген. Сағат 6:08-де өрт ауыздықталып, толығымен сөндірілді.
"Үйде 13, 8, 6, 7, 2, 1 жасар балалар қараусыз қалған. Бес баланың мәйіті табылды. 13 жасар үлкен баласы зардап шеккен жоқ”, – делінген хабарламада.
Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың анасы кешкісін танысының үйіне барған. Күйеуі түрмеде отыр.
Оқиғаның себебін мамандар анықтап жатыр. Өрт-техникалық зерттеу жүргізу тапсырылды.
"Апаттар медицинасы орталығы" филиалының психологтары балалардың жақындарына қажет психологиялық көмек көрсетеді.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды кішкентай балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдырмауға шақырады.
Бас прокурор Жітіқарадағы бес баланың өліміне қатысты істі бақылауға алды.
"Өрттің алдын ала себебі – пештің қараусыз қалуы. Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Облыс прокурорының бірінші орынбасары Бекбосынов оқиға орнына келді. Қылмыстық тергеп-тексеру барысы бас прокуратураның бақылауында", – делінген хабарламада.