Қостанай облысында су тасқынының алдын алу үшін үкіметтен 1 млрд теңге бөлінді
Фото: pixabay.com
Қостанай облысының Қарасу ауданында бұрма канал құрылысына үкімет резервінен 1 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі үкіметке сілтеме жасап хабарлайды.
2024 жылғы көктемгі су тасқыны салдарынан Қарасу ауданында бес көл: Тімтуір, Қойбағар, Алабота, Биесойған және Жаншора көлдері қосылып, жалпы ауданы 621 км2 болатын су басу аймағының қалыптасуына әкеп соқтырды. Ұзындығы 38 шақырым болатын электр желілерінің 234 тірегі су астында қалды, бұл ауданның ЭБЖ жалпы ұзындығының 15,5%-ына тең. Тіректер құлаған жағдайда 2 426 абонент (10 мыңға жуық тұрғын) және 114 ауыл шаруашылығы құрылымы электр қуатынсыз қалуы мүмкін.
Сонымен қатар бұл аймақта инфрақұрылымдық маңызды нысандар, оның ішінде, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар, байланыс желілері, егіс алқаптары мен жайылымдар орналасқан.
Жағдайды ескере отырып, Қостанай облысы әкімдігі Қарасу ауданында ұзындығы 14,2 шақырым су бұру арнасын салу жобасын әзірледі. Жобаның жалпы құны 1,9 млрд теңге болған, оның бір бөлігі облыстық бюджеттен бөлінген.
"Үкімет резервінен бөлінген қаражат жұмыстарды мерзімінде аяқтауға мүмкіндік береді, бұл жалпы топырақтың дренажын жақсартуға және су тасқынының қайталануына жол бермеуге мүмкіндік береді", – делінген ведомство хабарламасында.

"5 балам бар": Алматыда хостелдегі 13 адамның өліміне қатысты сотта айыпталушы бас бостандығынан айырмауды сұрады
