Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанай облысында мас жүргізуші полиция қызметкерлеріне оқ жаудырған

Қостанай облысында полиция қызметкерлеріне оқ атқан мас жүргізуші ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: polisia.kz

12 қараша күні сағат 21:00-де полиция қызметкерлері Алматы – Екатеринбург автожолында габариттік шамдарын қоспай жүріп келе жатқан УАЗ автокөлігін байқаған. Жүргізушінің мінез-құлқы күдік тудырған соң полиция қызметкерлері көлікті тоқтатқан. Алайда жүргізуші полицияның көлік құралын тоқтату туралы заңды талабына бағынбай, жол жиігіне шығып кеткен. Сондай-ақ жүргізуші қашпақ болып, тәртіп сақшыларына қарай бірнеше рет қарумен оқ атқан. Содан соң көлікті тастап оқиға орнынан қашып кеткен.

Қостанай облысы ПД іздестіру іс-шаралары барысында ауданның 35 жастағы тұрғыны мас күйінде, өзінің танысының пәтерінде ұсталғанын мәлімдеді. 

“Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 380-1-бабы бойынша басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері жауап ретінде қару қолданбаған, оқиғада ешкім зардап шеккен жоқ. Іс бойынша аңшылық қос ұңғылы мылтық, патрондар мен спирттік ішімдіктер тәркіленді. Қазіргі уақытта қару баллистикалық сараптамаға жіберілді”, – делінген полиция хабарламасында. 

Талқылау