Әлеуметтік желідегі жазбаға пікір білдіргендердің ішінде қостанайлық ветеринар дәрігер болды. Ол кезінде осы иттермен жұмыс істеген екен. Ветеринар өзінің бұрынғы “тәрбиеленушісі” Майра есімді бельгиялық овчарканы танып, оны өз қамқорлығына алмақ. Қостанай қаласының тұрғыны болмаса да, Байрам Баубекұлы қаржылық мәселелерді өз мойнына алды. Ол кепілдік жарнасын төлеп, иттерді сатып алу үшін аукционға қатыспақ.
“Аукцион ертең өтеді. Мен барлық иттерді өзім алып кете алмаймын. Қазір Көкшетаудамын. Мақсатым – бұл овчаркаларға оларды жақсы көретін, иттерге лайықты, қамқор иелер табу. Олар “пайдаланылмайтын мүлік” қоймасының вольерінде емес, жылы үйде өмір сүруге лайық”, – дейді Байрам.
Фото: sauda.e-qazyna.kz
Порталда жарияланған ресми құжаттарға сәйкес, жануарлардың теңгерім ұстаушысы – Қостанай облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі департаменті. Заң бойынша қызметтік иттер құқық бұзушыларды анықтау және шекара нарядтарының жұмысын күшейту үшін пайдаланылатын “мүлік” ретінде тіркелген. Қызметтік иттің шекті қызмет ету жасы – 8 жыл 3 ай.
Майра, Маркиза және Майбах қазір 10 жастан асқан. Олар ресми түрде “пайдаланылмайтын әскери мүлік” деп танылған, жасы бойынша қызметке жарамсыз. Сол себепті олар аукционға шығарылып, бағаны көтеру негізінде сатуға қойылған.
• Бельгиялық овчарка Майра – 2 719 теңге (кепілдік жарна — 408 теңге).
• Неміс овчаркалары Маркиза – 935 теңге (кепілдік жарна — 141 теңге).
• Неміс овчаркалары Майбах – 935 теңге (кепілдік жарна — 141 теңге).
Аукцион 2026 жылдың 20 ақпанында сағат 10:00-де өтеді. Өтінімдер қабылдануы аукцион басталуға тек бес минут қалғанда аяқталады.
