"Қосшыдағы осал топқа берілген үйлер қирап қалған": Ақмола облысының әкімі журналистің сұрағын дәлелсіз деп атады
Фото: primeminister.kz
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов брифинг кезінде "Хабар" арнасының журналисінің сұрағына ашуланды. Тілші одан Қосшы қаласында әлеуметтік осал топтарға берілген үйлердің неге қирап, жарамсыз болып жатқаны туралы сұрады.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналист сонымен қатар мұқтаж азаматтарға дайын пәтерлерді тарату тәсілінің тиімділігіне де күмән келтірді.
"Маған нақты айтыңызшы, біз сатып алған қай үйлер қирап жатыр? Неге осындай ақылға қонымсыз сөздерді айтып тұрсыз. Ешқандай дәлелсіз, үйлер қирап жатыр дейсіз, оның үстіне “Хабар” өкілісіз. Бұл дұрыс емес. Нақты факті келтіріңіз", - деп ашуланды Ахметжанов.
Әкімнің айтуынша, "барлық тұрғындар үйлеріне риза”, кей нысандарды тіпті Мемлекет басшысы да барып көрген.
Сонымен қатар ол Қосшы қаласында жекелеген мәселелер барын мойындады, себебі кей үйлерге тұрғындар әлі қоныстанбаған.
"Жазда 543 пәтер пайдалануға берілді. Бірақ әзірге бөлінген жоқ, пәтерлер бос тұр. Жыл соңына дейін бәрі таратылатын болады. Қазіргі таңда айналым толық іске қосылған жоқ. Ал қазандықты біз 3 кВТ қуатқа дейін жеткіздік, яғни жылу жеткілікті", - деді әкім.
Ахметжановтың айтуынша, әлеуметтік осал топтарға арнап сатып алынған тұрғын үйлер ыңғайлы әрі сапалы, онда 2-3 санитарлық торап бар төбесінің биіктігі үш метр. Бірақ әкім сол сәтте ол пәтерлерде бизнес өкілдері тұратынын да айтып қалды.
"Бурабайда біз сатып алған үйлерде 2-3 санитарлық торап бар, төбесінің биіктігі 3 метр. Онда кәсіпкерлер, коммерсанттар тұрып жатыр", - деді Ахметжанов.
Бұған дейін Марат Ахметжанов облыста құрылыс қарқыны жоғары екенін, жыл соңына дейін 7 мыңнан астам отбасы жаңа пәтер кілтін алатынын айтқан болатын. Оның ішінде 2 мың пәтер кезекте тұрғандар, үлестік құрылыстан алданғандар және апатты үйлердің тұрғындарына берілмек.
Өңір әкімдігі салушылардан дайын пәтерлерді сатып алу схемасы бойынша жұмыс істейді. Осы тәсілмен 2025 жылы 750 пәтер сатып алынған. Ахметжановтың айтуынша, бұл механизм тұрғындарды тез қоныстандыруға және құрылыс секторын қолдауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысының әкімі МаратАхметжанов жол бойындағы дәретханалардың талапқа сай келмейтінін айтқан журналистің сөзіне де ашуланған болатын.
“Сыйлықтар сыйлап, кемінде бір пәтер алғызатын адам”: Неліктен қазақстандық бойжеткендер тоқал болуға келіседі