Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Қосылған құн салығының жаңа мөлшерлемесі белгіленді: Мәжіліс Салық кодексіне енгізілген өзгерістерді мақұлдады

Фото: freepik.com

30 сәуірде Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексін және оған ілеспе салық салу мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Депутаттық корпус пен Министрлер Кабинетiнiң бiрлескен жұмысының нәтижесiнде Қосылған құн салығы реформасы бойынша бiрқатар шешiмдер қабылданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мәжіліс мәліметінше, үкімет алғашында ұсынған 20 пайыздық мөлшерлеме 16 пайызға дейін төмендетілді.

Қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша міндетті тіркеудің шекті мөлшері 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.

Сондай-ақ дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге Қосылған құн салығы төмендетілген мөлшерлемелері енгізіледі. Ол 2026 жылдан бастап 5% және 2027 жылдан бастап 10% болады. 

“Одан әрі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру, жетім және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу аясындағы тауарлар мен қызметтер Қосылған құн салығынан босатылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен отандық басылымдар, баспа түріндегі кітаптарды басып шығару қызметтері Қосылған құн салығын  төлеуден босатылады деп жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында есепке жатқызуға Қосылған құн салығы сомасы 70%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды”, – делінген хабарламада. 

Оңайлатылған декларацияны реформалау шеңберінде рұқсат беру тізімінің орнына қызмет түрлерінің тыйым салатын тізімі енгізілді.

Мәслихаттардың өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып ±50%-ға дейін түзету мүмкіндігімен 4 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме белгіленді. Кәсіпкерлік субъектілері арасындағы операцияларға арнаулы салық режимін қолдану кеңейтілді.

Сонымен қатар ойын бизнесі мен банктер үшін Қосылған құн салығы мөлшерлемесі 25%-ға дейін өсірілді. Ал банктер үшін кәсіпкерлік субъектілеріне несие беруден түсетін кірістер бойынша мөлшерлеме 20% қалпында сақталады.

Сондай-ақ жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіліп жатыр:

жалақы бойынша: 8 500 АЕК-ке дейінгі табысқа 10% (жылына 33,5 миллион теңгеге дейін), 15% – жоғары;

дивидендтер түріндегі кірістер бойынша: 5%-дан 230 000 АЕК-ке дейін (1 миллиард теңгеге жуық), 15%-дан – жоғары;

резидент емес жеке тұлғалардың кірістері үшін: 600 000 АЕК дейін – 10 %, 600 000 АЕК жоғары – 17 %.

"Бұл құрылым салық салудың әділдігі мен пропорционалдылығын сақтап, табысы төмен және орташа азаматтарға салық жүктемесін арттырмауға мүмкіндік береді", – делінген хабарламада. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 30 Сәуір, 2025 13:22
Талқылау