Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көшірме әншілердің де, әндердің де ғұмыры ұзақ болмайды": Зарина Омарова қазіргі шоу бизнеске қатысты өз пікірін айтты

"Заманың қасқыр болса, сен түлкі боп шап" деген нақылды әнші Зарина Омарова бек ұстанады. Тіпті, сылқым өнерде де заманға сай өсіп, дамып отыру керектігін мойындайды. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында ол өзгенің әндерін көшіріп немесе аударып орындай салуға қарсы екенін айтып қалды. 

Зарина

– Зарина ханым, сұхбаттасудың сәті түскеніне қуаныштымыз! Әңгіменің ауылын шығармашылық жаңалықтардан бастайықшы..

– Өте орынды сұрақ. Қазір шығармашылығымда көп өзгерістер болып жатыр. Жаңа әндер, жаңа бейнебаяндар түсіріліп жатыр. Стилімді кішкене өзгерттім десе де болады. Заманға сай жастардың толқынына ілесуге тырысудамыз. Өнерде ізденісті, оқуды, дамуды талап етеді.

– Зарина Омарованың жеке шығармашылық кешін қашан көреміз?

– Шығармашылық кеш беру әрбір әншінің арманы деп білемін. Республикалық бас сахналардың бірінде жеке есеп беру концертін ұйымдастыру ойымда бар дүние. Шығармашылық кеш үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жиырма жылдан астам уақыттағы барлық әндерімді, дуеттерімді жинақтап, үлкен дайындықпен жақсылап шоу жасағым келеді.

– Азды-көпті ТМД елдеріне танымал сазгердің қызысыз. Сахнаға шыққан күннен әкеңіздің авторлық әндерінен орындап бастадыңыз. Осы ретте плагиатқа көзқарасыңыз қалай?

– Әрине, плагиатқа көзқарасым – оң емес. Әр әншінің өз әні, өз төлқұжаты болуы керек. Бірақ қазір «cover» деген шығып жатыр ғой. Менің ойымша, «cover» деген сол әнді мүлде танымастай етіп өзгертіп тастау керек. Ал біздің кейбір әншілер әнді сәл өзгертеді де, айтып шыға келеді. Ол «плагиатқа» жатады. Әншілерге кавер мен плагиаттың айырмашылықтарын біліп алған дұрыс. Басқа біреудің әнін көшіріп орындайтындар нағыз әншілер емес. Ол жай ғана әуесқой әншілер. Көшірме әншілердің де, әндердің де ғұмыры ұзақ болмайды.

– Сіздің басты табыс көзіңіз той мен өнер екенін білеміз. Ал қосалқы жеке бизнесіңіз бар ма?

– Бизнесім жоқ! Ондайға икемім де жоқ сияқты. Өзім бала-шағамнан өнерге әрең уақыт тауып жүрмін (күліп). Айналамдағылар да ол жайлы жақсы біледі. Сол үшін жақындарым менің атымнан кәсіп бастаймын десе, келісімімді берер едім. Оған еш қарсылығым жоқ. Бірақ мен «өзім кәсіпкер боламын, өзім соны жүргіземін» деп айта алмаймын. Ол менің қолымнан келмейді.

– Әлеуметтік желіде әулетіңіз үнемі қызу талқыда. 70-80% сыни пікірлер. Жалған ақпаратпен, жағымсыз пікірлермен қалай күресесіз?

– Мен ондайға реакция білдіре бермеймін. Тіпті, мән беріп те қарамаймын. Өз бағаңды көтеру үшін хейтерлердің болғаны бір жағынан дұрыс сияқты. Олар не болса да, жаза береді ғой. Әрине, әркімнің өз пікірі бар ғой. Біреудікі жақсы, біреуді жаман. Оның бәріне мән беріп, жүрекке ала берсең, сенен ештеңе қалмайды.

– Отбасы құндылығын бастапқы сатыға қойған әйелдердің қатарынан екеніңізді жақсы білеміз. Сіздің ұғымыңыздағы әйелдің бақыты неде?

– Әйел бақытының сыры – ақылдылықта! Ақылды болу керек! Қандай жағдай болмасын, барлығын ақылмен, сабырмен шешу керек. Қанша ашуланып тұрсаң да, ақылмен жіби салу керек. Сонда бақытқа жетесің! Әрине, ең басты әйелдің бақыты – жанындағы жолдасы және бала-шағасы. Балаларым ер жетіп үлкен азамат болса, жақсы маман иесі болып, өмірден өз орындарын тапса деген аналық тілегім, арманым бар.

– Бала тәрбиесінде қандай қағидаға сүйенесіз?

– Ең бірінші, баламен сөйлесе білу керек. Ұрыспау қажет. Көбірек уақыт бөлу керек. Бірақ, шыны керек, шығармашылыққа бет бұрғалы бері, уақытым өте тығыз. Балаларыма көп көңіл бөлемін деп айта алмаймын. Қазір балаларым өсіп қалды. Ұлым 15-те, қызым 11-де. Бастысы, сабақтарын қадағалап, білгенімді айтып отырамын. Бала тәрбиесінде қойған қағидам – қазақилықпен тәрбиелеу.

– Өтпелі кезеңдегі ұл-қыздардың анасы болу қиын емес пе?

– Жоқ, аса қиын деп айта алмаймын. Кішкентай кездерінен сырласып өсіргендіктен кез келген тақырыпта ашық сөйлесе аламыз. Бірақ кейде қоғамдағы теріс әдеттерді, жасөспірімдердің арасындағы мәселелерді естіген кезде сәл уайымдап қалатыным бар. Алайда мен ұлыма да, қызыма да сенемін. Толық ашылып сөйлесіп, сырласамыз. Құрдастарындай түсініп, қолдау көрсетуге тырысамын.

– Балаларыңыз өнер жолын таңдаймын десе, қалай қарайсыз?

– Жоқ, әрине, қарсы емеспін, оларды қолдаймын. Негізі, мен балаларыма «Осындай жолды таңда! Сен осындай боласың! Осындай мамандықта оқисың!» деп мүлдем айтпаймын. Себебі әркімнің өз таңдауы бар. Баланың өзінің талпынысынан қайда оқығысы келетіні, қандай салаға жақын екендігі білініп тұрады. Егер өнер жолын таңдаймын десе, өз еріктері. 

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Жанар Тайырқызы

Талқылау