Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көшеден ақшасы бар әмиян тауып алған азамат иесін іздеп жүріп қайтарып берген

«Періште алтын көрсе жолдан таяды» деген сөз бар қазақта. Яғни өздерін күнә атаулыдан пәкпін деп есептейтін кейбір адамдардың өзі ақша, бағалы зат көрсе иемденіп алудан тайынбайтынын айтады. Өкінішке қарай, қазіргі заманда жолдан тайған адамдар өте көп.

meyirzhan1

Кісінің ақысын жеу, ұрлық-қарлық жасау, ашықтан-ашық тонау мен біреудің затын үн-түнсіз иемденіп кете салу сияқты жағдайлар қоғамымызда жиі кездесуде. Бір жақсысы, арамызда мейірімі мол жандар да аз емес, деп жазады Замана газеті.

Таяуда түркістандық Мейіржан Әділбеков есімді азамат  жол бойынан әлдекімнің әмиянын тауып алды. Бірақ ол дәл сол сәтте бөтеннің затын иелену туралы ойламады. Керісінше, әмиянның иесін тезірек тауып, тапсырсам деген ниетте болды. Онысын «Фейсбук» арқылы жұртшылыққа жариялады.

14980645_1713198395674451_7058041150996577253_n

«Жаңа ғана, 10 минут болды, жұмыстан қайтып келе жатып жолдан қызыл әмиян тауып алдым. Үшінде Гүлжайна Қарақұл деген қыздың жеке куәлігі, Бибігүл Қарақұлованың банкомат карточкасы, 28 мың теңге қағаз ақша және бес кілт бар. Танитын адамдар болса, хабарлассын. Гүлжайнаның өзі келмесе құжаттар берілмейді» деген шағын хабарландыруды көрген әлеуметтік желі қолданушылары Мейіржанның адалдығына риза болысты. Сосын бәрі әлгі Гүлжайна есімді қызды жабыла іздеуге кірісті.

Қысқасы, оқиға орын алғаннан арада 3-4 сағат өткен соң әлгі әмиянның иесі табылыпты. Ол Мейіржанның мейірімділігіне риза болып, сүйіншісі ретінде 4 мың теңге ұсыныпты. Біз осыдан соң Мейіржанның өзіне хабарласып, мұның қалай болғанын сұрап-білдік.

«Бұл 10-шы қараша күні, бейсенбіде орын алды, – дейді Мейіржан. – Әдеттегідей жұмыстан шығып, үйіме қарай кетіп бара жатқанмын. Тәуке хан көшесіндегі «Түркістан» қонақүйінің маңына жеткенде жерде қып-қызыл әмиян жатқанын байқадым. Содан қолыма алдым.

Негізі біреудің жоғалған затын әлеуметтік желілер арқылы хабарлап, иесін іздесе тез табылатынын жұрттан талай рет естіп-біліп жүрміз ғой. Сондықтан әлгі әмиянды қолыма алған кезде маған мына заттың иесін «Фейсбук» арқылы іздестіру керек деген ой келді. Содан дереу үйге келіп, әмиянның ішіндегі заттарды суретке түсіріп, желіге салып жібердім. Расында да мұндай тірлік көпшіліктің арқасында бітеді екен. Менің жазбамды алты мыңнан адам бөлісіп, жабыла іздестіріп жүріп, Гүлжайнаны таптық. Ол Түркістан қаласында тұратын студент екен. Сол күні түнге жақын ағасымен бірге менің үйіме келіп, заттарын алып кетті. Әрине, алғысын айтты, сүйіншісіне атаған ақшасын да беруді ұмытқан жоқ».

…Мейіржан да Түркістанның тумасы екен. Қалалық білім бөлімінде әдіскер болып жұмыс істеймін дейді. Үйленген, бір қызы бар көрінеді. Жалпы, ол бұрын-соңды мұндай оқиғаға тап болмапты.

«Әмияндағы 28 мың теңге мен құжаттар біреулерге аз болып көрінуі мүмкін, бірақ ол жоғалтқан адамның соңғы тиыны болса ше? Бәлкім ол сол ақшаға дәрі-дәрмек алу үшін шыққан шығар. Енді сол үшін аһ ұрып, қайғырып отырған да болар. Сондықтан мұндай кезде пендешілікке салынудың қажеті жоқ. 28 мың теңгені пайда санап, иеленіп алғаннан байып кетпеймін. Ол да ондай ақшадан кедей болып қалмас. Бұл жердегі ең қымбат нәрсе – адамдардың бір-біріне деген сенімі. Негізі маған оңай олжа ешқашан жаққан емес. Бүгін 1 тиын тауып алсам, ертең сол әлдебір себептермен он есе болып шығуы мүмкін. Сондықтан басқа да адамдарға айтарым, пендешілікке салынбаңыздар, әлдебіреудің затын тауып алсаңыздар, адамгершіліктен аттамай, ертерек иесіне қайтаруға асығыңыздар. Сонда зор сауапқа кенелесіздер», – дейді Мейіржан.

…Қоғамымызда Мейіржандай ақжүрек, адал азаматтар көп болса алаяқтық, алдау-арбау сияқты жағымсыз әрекеттер азаяр-еді ау деп ойладық ішімізден. Ендеше, адал болайықшы, ала жіптен аттамайықшы, ағайындар.

Жіберіп алмаңыз:

Бір аяғымен бесікті тербетіп өзі қамыр жайған келіншек елді таңғалдырды (видео)

Алматыда жезөкшелерге көмектескен полицейді түрмеге жапты

Есімін жасырған азамат мүгедек ерлі-зайыптыға 7 бөлмелі үй мен көлік сыйлады (видео)

Қазақстанда ата-ананың баласына қол көтеруін зорлық көрсетумен теңестіру ұсынылды

Талқылау