"Көшеде тек 15 минут серуендейміз": Қатаң локдаун кезінде Шанхайда қалған қазақстандықтар азық-түлік тапшылығына тап болған
Қатаң локдаун кезінде Шанхайда қалып қойған қазақстандықтар азық-түліктің жетіспеушілігіне шағымданды. Тапсырыс берушілер көбейгендіктен жеткізу сервистерінің қызметтерінде ақаулар пайда болған. Ал тұрғындарға өз пәтерлерінен шығуға тыйым салынған. Қазіргі уақытта Қытайда коронавирус жұқтырғандар саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Мұнда тәулігіне 29 411 адамнан инфекция анықталады. Қатаң локдаун Шанхайда кезең бойынша енгізілген. Мұнда бір айдан бері пәтерінен шықпаған азаматтар да бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Шанхайда тұрып және білім алып жатқан қазақстандықтар азық-түлік тапшылығына тап болған. Мәселе локдаун бастала салысымен-ақ туындаған. Ал аудандар мен жеке тұрғын үй кешендерін жабу туралы шешім қабылданғанда, мәселе одан әрі ушыққан. Адамдар азық-түліктерді сатып алып, дүкен сөрелері бос қалған. Тұрғындарға бірнеше рет гуманитарлық көмек те берілген. Шанхай билігі көкөніс, дәрі-дәрмек және теңіз өнімдерін үлестірген. Иван Скрипченконың сөзінше, үйлерде күріш, ұн сынды қажетті өнімдер бар. Бірақ жеміс немесе ет сатып алу қиынға соққан.
"Азық-түлік сатып алу үшін таңғы 5-6 шамасында қосымшаны ашып, азық-түліктерді таңдап қою керек. Үлгеру үшін дүкен өз жұмысын бастаған сәтте тапсырыс беру батырмасын басасың", - дейді Иван Скрипченко.
Қалада симптомсыз коронавирус жұқтырғандарды оқшаулау орталығына орналастырады. Егер балада вирус анықталып, ата-анасында анықталмаса, баланы да орталыққа жібереді. Ал ата-анасына бірге баруға тыйым салынған.
"Бұрын тестті тұрғын үй кешені аумағынан шықпай тапсыратынбыз. Кейін тестті басқа жерден өтетінімізді айтты. Яғни кезекте тұрған уақытта 15 минут көшеде серуендеуге мүмкіндік бар", - деп қосты Иван Скрипченко.
Ал студенттерге жатақханадағы өз бөлмесінен шығуға да болмайды, бірақ университет қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етеді екен. Таңғы, түскі және кешкі асты алып келеді. Тамақты еріктілер үлестіреді.
"Тамақ, маска және өзге де заттарды университетіміз береді. Күнделікті өзіміз тест тапсырамыз. Әзірге қашан аяқталатыны белгісіз", - деді Ботакөз Елшібек.
Қазақстандықтардың сөзінше, жаңа локдаун психологиялық тұрғыдан ауыр соғуда. Бұған қарамастан Қытайдағы отандастарымыз мессенджерде ортақ чат ашып, бір-біріне мүмкіндігінше көмек көрсетуде.