Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бүкіл отбасыңды бауыздап тастаймын": Нұр-Сұлтанда "банк қызметкері" әйелді қарғап тастаған

Еліміздегі белгілі банктің қолданушысын алаяқтар қарғаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Малика Дүйсенбаева есімді азамат әлеуметтік желідегі парақшасында айтып берді. Келіншекке алаяқтар қауіпсіздік қызметінен хабарласып тұрмыз деп, құпия кодты сұраған. Ал Малика сенімсіздік танытып, қарсылық білдірген кезде белгісіз адамдар келіншекті қарғап, боқтық сөздерін жаудырған. 

15 минутқа жуық уақыт бойы алаяқтармен сөйлескен оған белгісіз ер адам хабарласып, Kaspi bank нөмірінен хат жібергенін, банк қызметкері болғаннан кейін кодты айтуын сұраған. Хабарлама банк картасының жеке кодын ауыстыру туралы болған. Алаяқтар Малика Дүйсенбаеваға егер құпия кодты айтпасаңыз онда сіздің шотыңыздан ақша шешілгені автоматты түрде расталады дейді. 

Келіншек бірден карта кодын өзгерту туралы хабарлама екенін біліп қояды да, банктің call-орталығына хабарласқан. Ол телефонды қоймай, басқа нөмірден call-орталыққа хабарласып, бұл алаяқтар екеніне көзі жеткен. Мұны естіген алаяқтар келіншекті өлтіреміз деп қорқытқан болатын. 

"Алаяқтармен сөйлескеннен кейін, сол нөмірге қайта хабарластым. Сөйтсем, шағым айтып хабарласып тұрған төртінші адам екенімді жеткізді. Нөмірдің иесі бұл оқиғаға қатысы жоқ. Тіпті қазір не істерімді де білмеймін, қатты қорқып тұрмын. Олар мен туралы бәрін біледі. Жарайды телефон нөмірімді білсін. Алайда, картамның нөмірі мен менің қандай жұмыспен айналысатыныма дейін біледі. Менің картамның нөмірін қайда біледі?" - дейді Малика Дүйсенбаева.

Kaspi банктің баспасөз қызметі оқиғаға пікір білдіріп, өздерінің банктері ешқашан жеке ақпарат сұрамайтынын жеткізген. Олар қолданушыларға мұқият болып, бұндай оқиғалар орын алса, құпия кодты айтпаңыздар деп өтінеді.

"Егер біреу сізден жеке мәліметтер сұрайтын болса, демек бұл алаяқтар", - дейді Kaspi банк қаржылық орталығы.

Талқылау