Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қос азаматтығы бар ерлі-зайыпты ресейліктер Қазақстаннан шығарылды

Ресейден келген ерлі-зайыпты қос азаматтығы болғаны үшін Қазақстаннан шығарылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімі көші-қон бөлімшесінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының азаматтық туралы заңнамасын бұзғандары үшін Ресей Федерациясының 69 және 71 жастағы азаматтарын әкімшілік жауапқа тартты. 

Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов айтты.

Ерлі-зайыптыға қатысты ҚР ӘҚБтК 496-бабының 2-бөлігімен, яғни Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде шетел азаматтығын алу фактісін хабарламау бойынша әкімшілік материалдар толтырылды.

"Алматы қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен шетелдіктерге 5 жыл мерзімге ҚР аумағына кіруге тыйым салынып, Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығарып жіберу түрінде жауапқа тартылды", - деді полиция полковнигі.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың басынан бері көлік полицейлері Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін барлығы 986 азаматты, оның ішінде қос азаматтығы бар 38 азаматты әкімшілік жауапқа тартқан.

Сондай-ақ, сот қаулысымен 155 шетелдік елден тыс шығарылды.

Талқылау