Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Одан да жақсы көрсеткішке жетуге болар еді": Тоқаев Азия ойындарының жүлдегерлерімен кездесті

11 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азиадаға қатысқан спортшыларды жеңістерімен құттықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысының айтуынша, Азия ойындары бойынша жақсырақ көрсеткішке ие болғаны жөн еді. Қазақстандық спортшылар 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль әкелді.

Мемлекет басшысы каратэ құрамасын жеке құттықтады. Себебі оның әрбір 8 өкілі жақсы көрсеткіш көрсетіп, соның арқасында олар жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев спортта жеңіс пен жеңілістің қатар жүретінін атап өтті.

"Әрқайсыларыңыз қажырлы еңбек пен ерік-жігеріңіздің арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткіздіңіздер. Алайда еліміздің жалпы көрсеткіші өткен Олимпиада мен Азиада ойындарынан да өте жақсы болуы мүмкін еді. Бокс, ауыр атлетика, еркін және грек-рим күресі дәстүрлі түрде ел құрамасының қоржынына жүлде салып, айтарлықтай үлес қосатын. Жеңіл атлетика, спорттың командалық түрлері жанкүйерлерімізді көбірек қуанышқа бөлейтін. Барлық спорт түрі бойынша кеткен қателіктерді түзету үшін ауқымды жұмыс атқару қажет”, – деді Тоқаев.

Сонымен қатар президент спорт саласы әрқашан мемлекеттің назарында екенін атап өтті. Айтуынша, жыл сайын спортты дамытуға қомақты қаражат бөлінеді. Бірақ оның спорттағы ел көрсеткіштеріне көңілі толмады.

“Нәтижеміз мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың барынша тиімді жұмсалмайтынын көрсетеді. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Спорт саласына түбегейлі өзгерістер, яғни реформа қажет. Тиісті министрлік осы мәселені жан-жақты қарап, спортты дамытудың мүлде жаңа жолдарын ұсынуы керек”, – деді ел басшысы.

Мемлекет басшысы өткен жарыстардың нәтижелерінен сабақ алуға және Париждегі алдағы Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалуға шақырды. Содан кейін бірқатар спортшыларға президенттің Құрмет грамоталары табысталды.

Талқылау