Әйелдер өмір бойына сотталмайды: Қыздарын тұншықтырып өлтірген қазақстандық 20 жылға бас бостандығынан айырылды
Қарағанды облысында екі баланы өлтіру фактісі бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Белгілі болғандай 2023 жылдың қаңтар айында Г. және Д. танысып, 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап екеуі Қарағанды облысының Бұхар-Жырау ауданының Гагаринское кентінде бірге тұра бастаған. Г-ның 2019, 2021, 2023 жылы туылған үш қызы болған.
"04.04.2024ж.таңертен Д, Г-мен келісіп кіреберіс есікті сыртынан кілтпен жауып, Теміртау қаласына жұмысқа кеткен. Г үш баламен үйде жалғыз қалған. Сол күні Г. балалардың бөлмесіне барып, екі қызды төсекке жатқызып, көрпемен тұншықтырып өлтірген”, – делінген соттың хабарламасында.
Сотталушының кінәсі сотталушының, жәбірленуші мен куәлардың айғақтарымен, заттай айғақтармен, сараптама қорытындылары және басқа іс материалдарымен дәлелденді.
Прокурор Г-ны кінәлі деп танып, оған 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
"Соттың үкімімен Г жас балаларды өлтіру дерегі бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және жазаны өтеу қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде белгіленді. Жаза тағайындау кезінде сотпен ҚК-тің 46-б. 4-б. талабы ескерілді. Оған сәйкес, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы әйелдерге тағайындалмайды.”, – деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, осыған дейін Қостанай облысында белгісіз ер адам әйелді бауыздап өлтіргенін жазғанбыз.