Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда коронавируспен ауырғандар донор болғысы келеді: Кім донор бола алады?

Алматының қан орталығы коронавируспен ауырып, жазылған қала тұрғындарынан плазмаға донор болуға сұрайды. Алдағы уақытта плазма басқа адамдарға құйылып, вирусты аурудың алдын алуы мүмкін. Stan.kz орталық дәрігерлері мен COVID-19-бен ауырып шыққан алматылықтарға хабарласып, пікірін білді. 

донор

"Иммундық плазма донорлығына қатысу үшін маусым айының басынан бастап бізге хабарласа бастады. Қазіргі уақытта бізге COVID-19-дан ауырып жазылған 34 жарамды донор келді. Олардың тек 9-ы ғана плазма тапсырды", - дейді орталықта.

Барлық қан донорларына қойылатын талаптардан басқа (жасы 18 және одан жоғары, салмағы 50 кг және одан жоғары, анамнезде онкологиялық аурулардың, В және С гепатиттерінің, АИТВ-инфекциясының және т. б. болмауы) иммундық плазма донорлары үшін іріктеудің бірқатар ерекше критерийлері бар:

-  COVID-19 жұқтырғанын растайтын ПТР әдісімен зертханалық фактісі;
- сауыққаннан кейін коронавирустан айықты деген ПТР әдісімен екі теріс зертханалық нәтиже;
- кем дегенде 14 күн ішінде донордың COVID-19 клиникалық белгілері болмауы керек.

Сонымен қатар, донорлыққа барынша жастар мен орта жастағы ерлер, сондай-ақ жүкті болмаған әйелдер жарамды.

Донация алдында әрбір донорда қандағы COVID-19 антиденелерінің және олардың титрінің болуы анықталады. Плазманы тапсыру үшін антиденелердің титрі жеткілікті жоғары болуы және шекті деңгейден асуы керек. Өкінішке орай, иммундық плазманың доноры болғысы келетіндердің барлығы бұл критерийге сәйкес келмейді. Көптеген жарамды донорларда антиденелер титрі жеткіліксіз.

Сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттың (жеке куәлік, паспорт) болуы міндетті. Бұдан басқа, донордан иммундық плазманы донациялауға ерікті түрде хабардар етілген келісім алынуы тиіс.

Алматыда иммундық плазманы құю тәжірибесі тек клиникалық пайдалану үшін енгізілгендіктен, COVID-19 бар пациенттерді емдеу барысындағы әсері туралы айтуға әлі ерте. Бірақ COVID-19 донордан алынған плазманы қолдану тәжірибесі жақын және алыс шетелдердің бірқатар елдерінде сенімдірек нәтижелерді көрсетеді - ауру симптомдарының айқындылығы азаяды, емделушілерді емдеу мерзімдері қысқарады, өлім-жітім азаяды.

Мұндай плазмаға қажеттілік бар. Біздің орталықта дайындалған компоненттер COVID-19 пациенттері емделетін қалалық және облыстық клиникаларға берілді. Иммундық плазманы басқа қан компоненттері сияқты беру стандартты рәсім болып табылады және медициналық мекеменің өтініміне сәйкес жүзеге асырылады.

Орталықта әлеуметтік желілерде, БАҚ-та, баспа басылымдарында түсіндіру жұмыстары оң нәтиже бергенін айтады. Бізге келушілердің саны күн сайын өсіп келеді. Плазманың бір донациясы осы кілемдік инфекциядан зардап шегетін үш науқастың жағдайын жеңілдетуге көмектеседі.

Бүгінгі күні Республикалық қан орталығы COVID-19 ауырып жазылған донорлардан иммундық плазма дайындаумен айналысатын Алматы қаласы аумағындағы жалғыз қан орталығы болып табылады. 

"Біз COVID-19 жеңген барлық адамдарды мұқтаж пациенттерге көмектесуге және иммундық плазманың донорлығына қатысуға шақырамыз", - дейді Алматы қан орталығының қоғаммен байланыс және статистикалық талдау бөлімінің бастығы Равиль Абдулхакимов.

Stan.kz тілшісі бүкіл әлемді дүр сілкіндірген ауруға шалдығып, қазір құлан-таза айыққан қала тұрғындарымен тілдесіп, олар қан беруге дайын ба сұрап білді. 

31 жастағы Лаура бала-шағасымен бірге ауырып қалғандарын айтады. Кәдімгі тұмудан әлдейқайда ауыр өтіпті. Дәм сезу қабілетінен айырылып, денесін ауыр басып, бірнеше күн әлсіреп жүріпті. Шыныменен де тапсырған қан басқа азаматтарға көмектессе, бөлісуге дайынмын дейді. 

33 жастағы басқа қала тұрғыны Нұрбану да вирусқа шалдығып, барлық қала дәріханаларын аралап, сабылып дәрі іздегендердің қатарында болды. Мемлекет шенділері қанша жерден дәрі жеткілікті көлемде десе де, қызуды төмендететін және вирусқа қарсы препараттар әлі де жоқтың қасы. Нұрбану ПТР тестін тапсырмаған, бірақ белгілері бойынша коронавусқа келетінін айтады. Ол да жазылғасын егер де донорлық талаптарға сай келсе, қуана-қуана қан тапсырып, басқаларға көмектесетінін айтты. 

Алматылық инфекционист-дәрігер Марина Александровна плазманың көмегі болады дегенге сенім аз деп отыр. 

"Донардың қаншалықты көмектесетінін нақты айта алмаймын. Өйткені өз практикамда мұндай жағдай кездескен жоқ. Бір білерім вирустан жазылған адамның қан плазмасында дәл осы ауруға қарсы иммунитет қалыптасады. Бірақ донор болуға жарайды немесе басқа науқастарға оның қан плазмасы ем болады деп кесіп айта алмаймын", - деген дәрігер бұл жұмыстың көп зерттеу жұмыстарын жүргізуді талап ететінін айтты. 

Талқылау