Коронавирустың кесірі: Семейде кәсіпкерлер жұмысшыға, асабалар механикке қызметін ауыстырды
Коронавирустың кесірінен Семейде кәсіп ауыстырып, бизнестерін басқа арнаға бұрғандар көп. Бірі мейрамханаларын сатылымға шығарса, енді бірі сауда нүктелерін жауып, жан бағудың жаңа жолдарын қарастырып жатыр. Өйткені табыс көзі тоқтап тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Семей қаласындағы әдетте дүркіреген тойлар өтетін мейрамханалардың есігінде қара құлып тұр. Карантин режимі той бизнесін толық тоқтатты, дейді мейрамхана әкімшісі.
Мейрамхана иесінің айтуынша, мынадай үлкен ғимаратты ұстап тұру дәл қазір қиын. Індеттің қашан, қай уақытта аяқталатыны да белгісіз. Сондықтан сатылымға шығарыпты.
Азамат Оралбекұлы да асаба болып, нәпақасын қазақтың қызық-қуанышынан тауып жүрген. Тойлар тоқтаған соң, басқа кәсіп іздеуге тура келген екен.
"Үйде жатпай жұмыс жасау керек деген сияқты. Үйде отбасым бар, бала-шаға бар. Нан табу керек. Сондықтан да осындай бір машина жөндейтін орталық ашып жатырмыз. Екі айдан асты, жемісін көріп жатырмыз", - деді асаба Азамат Оралбекұлы.
Киім-кешектің түр-түрін сатқан Арай Әшімова да ақыры сауда нүктесін жауып тыныпты. Айтуынша, саудасы жүрмеген. Сауда жүрмеген соң, жалдау құнын да төлеу қиындай түскен. Ойлана келе туристік фирмаға жұмысқа тұрыпты.
"Осы уақытқа дейін негізінде сауда-саттықпен айналысқанмын. Осы жазда карантиннің кесірінен, саудам жүрмегеннен кейін, бутигімді сатып, кейіннен осы туристік агенттікке жұмысқа кірдім", - деді туристік фирма қызметкері Арай Әшімова.
Кәсіптің көзін табу бар да, оны ұстап тұру бір басқа. Қазір семейлік кәсіпкерлердің көбі карантиннің салдарынан қолда бар бизнестерін жоғалтып аламыз ба деп алаңдаумен күн кешуде.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
