Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық мамандар коронавирус тамақ тасушылардан да жұғады деп, дабыл қағуда

Эпидемиологтар тамақ тасымалдаушыларды қауіпті індетті таратушылардың тізіміне кіргізіп қойды. Санитарлық талапты, гигиены сақтамай қызмет етушілер коронавирустан бөлек ішек ауруларын да жұқтыруы мүмкін. Ал оның негізігі ошағы - тамақ таситын сөмке мен қызметкердің дұрыс жуылмаған қолы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.  

Алматылық Фархат Сандыбаев карантинде тамаққа онлайн тапсырыс беруге әдеттенді. Бірақ, оны жеткізушілердің көбіне тазалыққа немқұрайлы қарайтыны шамына тиген.

"Біразының арнайы қолғабы болмайтыны, бетперде тақпайтыны мені қайран қалдырды. Тіптен, ескерту жасаймын деп керісіп те қалған кез болды. Ал, сол тамақты мен одан кейін қалай уайымдамай жей алам? Сондықтан, қазір өзім барып алып кетемін", - деді Алматы қаласының тұрғыны Фархат Сандыбаев.

Эпидемиологтар да вирус алыстан емес, осы тамақ жеткізушілерден келетінін дабыл қағып айтып жатыр. Клиенттер көңіліне күдік ұялатпас үшін қолдарында міндетті түрде санитарлық кітапшасы болу керек деген пікірде. Әрине, бәріне топырақ шашпайды. Бірақ, компания әр қызметкерін қатаң қадағалап, тексеріп отырмаса коронавирустан бөлек, ішек ауруларын таратудың қаупі үлкен екен.

"Біреуге берерде бүйтіп сөмкесін ашып, қолына береді ғой. Сол кезде оның қолы ластанған болса, оны ұстаған адам соны ашады. Сол кезде оның да қолы ластанады. Ол, мысалы үшін, дизентерия деген, сальмонеллез деген аурулар бар, ішек инфекциялары көп, олардың эрсениоз деген аурулар бар. Солардың қай қайсы да болса осындай ластанған қол арқылы, нәжіс арқылы жұғады", - деді Сәкен Әміреев.

Пандемияда тасы өрге домалаған тамақ жеткізуші компаниялар мұнымен келіспейді. Тапсырыстың көптігінен, қосымша жұмыс күшін тартуларына тура келген. Бірақ, жанталаспен жұмыс істегенмен, тазалық бірінші орында екенін айтады.

"Негізгі талаптар - санитарлық кітапшасы болуы шарт. Оның жарамдылық мерзіміне мұқият қараймыз. Курьерлерімізге күнделікті тегін бетперде мен қолғап таратамыз. Егер де талапты сақтамай, клиентке барса бірден айыппұл салып, жұмыстан шығарамыз", - деді тамақ жеткізуші компанияның өкілі Расул Индирбаев.

Бұл мәселедегі пікір екіге жарылып тұр. Тамақ жеткізуші компаниялар өздеріне шаң жұқтырмағанмен, шағым айтушы клиенттердің қарасы көп. Қалай дегенмен де, эпидемиологтар, мейлінше тапсырыс бермей, сақтануға шақырады.

STAN.KZ
Жұма, 13 Қараша, 2020 09:21
Талқылау