Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Коронавирус өршіп, жұрт дәрі таппай жүрген кез: Қарағандыда шенеуніктердің 49 миллион теңгеге тендер ойнатқаны белгілі болды

Коронавирус өршіп, жұрт дәрі таппай қиналып жүргенде Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы 49 миллион теңгеге жуық қаржыға тендер ойнатқан. Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа сәйкес, қыруар ақшаны түрлі форумдар мен корпоративтік жиындарды өткізуге жұмсамақ болған. Алайда денсаулық сақтау басқармасы бұл қаржының онлайн семинарларға игеріліп жатқанын айтады. Ал офлайннан онлайнға көшкен семинарға осыншама қаржының қаншалықты қажет болғаны түсініксіз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

теңге

Тапсырыс беруші Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы №4 қалалық емханамен 10 маусымда келісім-шарт жасасқан. Техникалық ерекшелікке сәйкес, тапсырысты орындау мерзімі наурыз бен желтоқсан аралығы. Ал бұл аралық елде пандемияның өршіп тұрған кезі. Мемлекеттік сатып алу құжаты бойынша бұл қаржыға конференция, семинар, форумдар мен мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуы керек.

"49 млн теңгеге жаңағы мораториймен шектеу қойылған іс-шаралардың көпшілігі іске асқан. Сол 49 млн теңгені тек қана төртінші емхана игерген. Одан да басқа 23 млн теңгеге Қарағанды облысының сегіз мекемесі осындай іс-шараны іске асыруға қызмет жасаған", - деді белсенді Сара Жүнісова.

Ал денсаулық сақтау басқармасы тендерді №4 қалалық емхана алғанын мойындап отыр. Оған ай сайынғы төлем де жүрген. Қаржы қазіргі кезде шаралардың онлайн форматта өткізіліп, қаржы тренерлер мен сертификаттарға және әдістемелік кітаптарға жұмсалып жатыр екен. 

"Бізде осындай конкурс жыл сайын өткізіледі. Салауатты өмір сақтау программасы бойынша бюджеттік программамыз бар. Осы жылы осындай конкурс өткіздік. Семинарлардың бәрі қашықтан өтті, зум арқылы. Бірақ та біз осы семинардың бәрін ковидқа дайындыққа арнайы өткіздік", - деді Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Бибігүл Төлегенова.

Ал белсенді азамат Сара Жүнісованың сөзінше, техникалық ерекшеліктерге сәйкес, коронавирус туралы онлайн семинар туралы бұл тендерде көрсетілмеген. Бұл қомақты сомада ойнатылған тендердің тағы бір назар аударатын тұсы - тапсырысты орындаушы қалалық №4 емхананың басшысы Шайдарова Салтанат Жаманқұлқызы. Ал енді ашық дерек көздеріне қарасақ облыс әкімі орынбасарының аты-жөні Шайдаров Серік Жаманқұлұлы. Шенеунік емхана басшысының расымен де әпкесі екенін телефон арқылы растады.

Талқылау