Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үш ұйықтасам, балаларымды - жетім етіп, өзім сотталып кетемін деп ойламадым": Күйеуінен 27 жыл қорлық көрген әйел оны абайсызда өлтіріп алған

Күйеуінен 27 жыл қорлық көрген әйел оны абайсызда өлтіріп алған. Түркістан облысының тұрғыны Рано Атабекова қазір темір тордың арғы жағында жазасын өтеп жүр. "Күйеуімді өлтіріп, балаларымды әкесіз жетім етіп, өзім жесір қалып, сотталып кетемін деген ой үш ұйықтасам түсіме де кірген емес", - дейді кеудесі өксікке толған ол. Тағдыр талқысына, өмірдің ащы сынағына ұшыраған бес баланың анасы Stan.kz тілшісіне өзінің жантүршігерлік өткені мен абақтыдағы қазіргі өмірі туралы баяндап берді.

1990 жылы тұрмыс құрған Раноның жұбайлық, қызықты тәтті күндері ұзаққа созылмады. Жанындай жақсы көріп құрмет тұтқан жары Атабеков Мырзарайымның ішімдікке құмарлығын және мінезінің шәлкестігін байқаған Рано бұл қиындықты уақытша болар, бұл күндер әлі-ақ артта қалады деп өзін-өзі жұбатқан болатын. Бірақ басына түскен қиындық жалғаса берді. Ішуін тоқтатпаған жолдасы мас болып келіп әйеліне қол көтеріп, балағаттап, кемсітіп, түрлі себептермен отбасының шырқын бұза берді.

Рано бірінен соң бірін, бір ұл, үш қызды дүниеге алып келді. Сәбиді көрсе басылар деген үмітте болды. Бірақ ішіп алып ұрып-соғуды әдетке айналдырған жарының оғаш қылығы басылмады. Жоқшылық пен жетіспеушіліктің кесірінен, үйге табыс әкелмейтін мейірімсіз әке тағы бар, қыстың қақаған аязында от жоқ, көмір жоқ, мұздай үйде балалары суықтап ауырып, кішкентай екі жарым айлық Насиба шетінеп кетті. Осындай арпалыс өмірге шыдап, төзіп берген Рано әрбір күнін, әрбір түнін кішкентай балапандарын қорғаумен, қорқынышпен өткізіп жатты. 

Шамалы уақыт өте аяғы ауырлап Рано ұл балаға екіқабат болады. Кешқұрым ішімдікке тойып алған Мырзарайым аяғы ауыр, ішінде сегіз айлық баласы бар Раноны, ұрып-соғып тепкілеп, түсік жасатып қояды. Емхананың төсегіне таңылған байғұс ана, өмірден емес, өз сүйген жарынан таяқ жеген, әбден қорланғанын, жан-жарасын сезіне бастады. Үйдегі балаларын, шаңырағының шайқалмауын ойлап, дәрігерге жай абайсызда құлап қалдым деумен шектелді. 

Көңілсіз күрең өмір жалғаса берді, балалары үшін бәріне кешіріммен қараған кейуана өзінің отбасы ошақ қасындағы ащы да аяусыз өміріне қайта араласып жүре берді. 

Осыдан кейін 2006 жылы дүниеге қыз бала келеді. Үлкен ұлы Фахриддин анашым қарындасымның атын Севинч (қуаныш) деп қояйықшы, әрдайым қуанып жүріңіз деп ырымдап ат қояды. Севинч өте ерекше, пысық, әрі ақылды қыз болып өсіп қалады. Бір күні тағы да ішімдікке тойып алған әкесі үйге кіріп келіп, анасына тұра ұмтылғанда, жан ұшыра қарсы жүгірген, кішкентай үш жасар Севинч анасын арашаламақшы болады. Ескі еденнің солқылыннан қатты тербеліп кеткен теледидар, қыздың үстіне құлап түсіп Севинч жарақаттанып қалады. Осының бәрі менің кесірімнен болды, ішкіліктің кесірінен болды деп кінәсін түсінген әке болған жоқ. 

Жағымсыз қылықтарын жалғастырып, ащы суға тойып алып, әйел бала-шағасын ұрып-соғып, үйден қуып шығарып жібереді. Рано өзінің және ұл-қызының  амандығын көздеп, күндеп, апталап үйіне қонбай жүреді. Бұл күндерде әркімнің үйінде түнеп, тіпті кейде қорада, далада түнеген кездері де болған. Осындай бір күні басын арашалап, балаларын сүйрей қашқан байғұс ана баратын жер таппай, біреудің егіс еккен көшінде қалған, ескі киізге оранып жатып суықта, азапты түндерді бастан өткізеді. 
Соншама қасіретке шыдаған Рано, мүмкін, әлі де болса ойланар, түзелер деген үмітпен күйеуін кешіріп, отбасына оралып, тіршілігін жалғастыра береді. Осылай арпалысып жүріп, ұлы ер жетіп, қызы бой жетіп,  ұлын ұяға, қызын қияға қондырады. 
Енді құда болдық, Құдай қаласа, немере сүйеміз, сен ата болдың, мен апа болдым деп қуанышында шек болмаған Рано күйеуіне бірінші рет күле қарады.

Бірақ бұл қуаныш та ұзаққа созылмады. Тұрмысқа шыққан Саида қызы кішкентай немересін көтеріп ата-анасына қыдырып келеді. Сол күні кешқұрым ішіп алған әкесі, кіріп келіп, анасына тиісе бастағанда, "Әке, мұныңыз не? Анама тиіспеңіз" деп ара түскен қызын, оқтаумен ұрып, басын жарып тастайды. Әкесінің айуандық тірлігінен соң, қыздары еліне қайтуға намыстанып, жан-жарасы жазылғанша төркінінде апталап жатып қалады. 

Ащы суға тойып алған күндердің бірінде қолына пышақ ұстап алған күйеуі Раноға тап береді. Қорғануға шамасын келтірмей, пышақпен, оның беті қолдарын тілгілеп тастайды. Өзін-өзі  қорғаған байғұс әйел бетін қан жуып, көзіне түк көрінбей қалады. Бір есін жинағанда жанында қимылсыз жатқан жолдасын көреді. Жандалбасалап тысқа жүгіріп шығып, көршілерін және жедел жәрдем шақырады. Әрине қанша қорлық көрсе де, жолдасын өлімге қимаған Рано, жан-жағына қарап, "Сіздерден өтінемін, ол - менің балаларымның әкесі, менің өмірлік жарым" деп, оны аман алып қалуын өтінген. Бірақ көрер жарығы таусылған Мырзарайым ауруханаға жетпей қайтыс болады.  

Рано өлтіремін деген ойы болмағанын айтады. Неше мәрте ұрып-соғып, өмірін қор етсе де, күйеуін тек қана кешірумен шектелген. Әлі күнге Раноның өзегін өртеген өкініші басылар емес.

"Осынша жасқа келгенде маскүнем, бұзық, қатал болса да, Мырзарайымды өлтіріп, балаларымды әкесіз жетім етіп, өзім жесір қалып, сотталып кетемін деген ой үш ұйықтасам түсіме де кірген емес. Ашумен  кектеніп емес, абайсызда балаларымның әкесін өлтіріп алғаныма, шын жүректен өкінемін", - деп көзіне жас алды.

Қазіргі таңда Рано Алматы облысы Іле ауданы Жауғашты елді мекеніндегі ЛА-155/4 жалпы режимдегі әйелдер колониясында жазасын өтеп отыр. Осы мекеменің психолог маманы Раномен сұхбат жүргізіп, оның басынан өткен, барлық жағдайымен танысып, жасақ бастығымен біріге отырып, Раноға психологиялық тұрғыдан «Өзіңді таны» - «Өзгені таны» және жүрген ортасына бейімделу сияқты тақырыптарда сабақтар өткізіп отырды. Раноның рухани, моральді шаршауына жол бермей, оған үнемі көмек көрсетіп, әңгімеге тартып, жасақ бастығы жұмысқа орналастырды. Қазір Раноның көңілі, бар ниеті тек жақсылық ойлаумен алдындағы жұмысын, міндетін абыроймен атқарып отбасына, балаларымен аман-есен табысу. Осы жағдайлардан соң 8 жылға бас бостандығынан айырылған Рано Азатқызын сабырға шақырып, шыдамды болуын, оны отбасында ұл-қызы және немерелерінің күтіп отырғандығын ескертеді. 

Анасының жан-жарасын түсінген балалары оны артынан  іздеп келіп тұрады.     
 


Автор: Амантаева Забира Ералханқызы     
 

Талқылау
Пікір
Никнейм
21 Нау, 21 жыл - 18:24

Кажеться тааой случай был в Дагестане,и суд оправдал бедную женщину,почему у нас нет такого закона,почему все не обследуется до конца,Женщина и дети несколько раз получили тяжелую травму и никто не пытался остановить дебошира,наказать по закону ,учаск.инспектора должны бвюыли знать и предотвратить беду.Сколько можно терпеть таких тиранов-алкоголиков