"Жұбайым Берденовті үлгі етіп, ажырасуға арыз берді": Шымкент әкімінің орынбасарына қастандық жасаған күдікті қылмысқа қызғаныш себеп болғанын айтты
Фото: parlam.kz
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сот процесі өтіп жатыр. Айыпталушы Ернар Жиембай кінәсін ішінара мойындап, Берденовті қорқыту үшін аңшы мылтығымен атқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентті хабарлайды.
Сот отырысы кезінде судья Әбінұр Қарабаев айыпталушыдан кінәсін мойындайтын-мойындамайтынын сұрады.
"Кінәмді мойындаймын. Адам өлтіру немесе денсаулығына зиян келтіру ниетім болған жоқ. Қорқыту мақсатында әрекет еткенімді мойындаймын. Бірақ баппен (кісі өлтіруге оқталу – ред.) келіспеймін", – деп жауап берді Ернар Жиембай.
Оның айтуынша, қылмысқа баруына жұмыстағы келіспеушілік емес, қызғаныш себеп болған.
"Бұл ісіме өкінемін, оған қызғаныш себеп болды. Бұл менің ар-намысым. Жұмыстың мұнда еш қатысы жоқ", – деді ол.
Сотта жауап алу кезінде Ернар Жиембай отбасы туралы айтып, оқиғаға қатысты әлеуметтік желіде тараған қауесетке байланысты өз нұсқасын жеткізді.
"Екеуміз алтыншы сыныптан бері бірге оқыдық – менің адал жарым, сүйікті жарым. Ешқашан оның біреумен араласқанын көрген емеспін. Әлеуметтік желіде жазғандай, жеңіл жүрісті қыз емес, жақсы отбасынан шыққан тәрбиелі қыз", – дейді сотталушы.
Ол сотта үлкен ұлы аутизммен ауыратынын, Руслан Берденовтің туыстарымен бір көшеде тұрғанын айтты. Айтуынша, көршісінің баласына да аутизм диагнозы қойылған. Әйелі әлгі отбасымен жиі араласып, балаларды дамыту сабақтарына бірге апарып жүрген, "касса" ойнап жүріп, Берденовпен де дастархандас болған. Сондай отырыстардың бірінен кейін Ернар Жиембай әйелінің телефонына келген хабарламаны көріп қалған.
"Әйелімнің телефонын қарасам, Руслан Берденов оған лүпіл басып: "Сен әдемісің" деп жазыпты. Менде артық ой болған жоқ. Өзім де қарындастарыма осындай сөздер айтамын", – дейді ол.
Сондай-ақ сотталушы жұмыста қысым көргенін, әйелі Берденовті үлгі етіп, ажырасуға арыз бергенін қоса айтты.
Ал қастандық жасаудан бір күн бұрын айыпталушы Берденовпен кездесуге бара жатқанын айтып, әйелінен киімін дайындап қоюын сұраған. Алайда үйіне келгенде әйелі киімін дайындап үлгермегенін, жейдесінің шеті күйіп қалғанын білген.
"Кешігіп бара жаттым. Сол кезде ол маған Руслан Берденовтің қалай киінетінін айта бастады. Оған 5 миллион тұратын костюмдер ұнайтын көрінеді. Менің ойымша, бұл да бір себеп болды (қастандық жасауға – ред.)", – деді Жиембай сотта.
Прокурор сотта Ернар Жиембай қылмыс жасау үшін алдын-ала дайындалып барғанын мәлімдеп, оқиғаның мән-жайын баяндап берді.
"Жиембай аңшылық қарумен потрондарды атып көріп, аңшылық қарудың атуға жарамды екеніне көз жеткізген. Сөйтіп сотталушы Жиембай адамды өлтіру, яғни адамды құқыққа қарсы қазаға ұшырату қылмыстық ойын сәтті іске асыру үшін Молдабекке өзінің жоспарланған қылмыстық ойын жария еткен. Олар Шымкент қаласындағы Нұрсәт мөлтек ауданындағы үйдің жертөлесіне қайта келген. Ары қарай сотталушы жоспарланған қылмыстық ойын сәтті жүзеге асыруға Молдабек кедергі келтірмеуі үшін көлік құралынан түсіп, Жиембай Tucson маркалы көлікті жеңіл дәрежелі алкогольдік масаң күйде (сарапта қорытындысы бойынша - ред.) басқарып, үйіне қайтатын сыңай танытып, Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратына келген. Содан сотталушы Жиембай Берденовті өлтіруге бағытталған ойын соңына дейін жеткізу үшін әкімдік алдындағы автотұрақта оның әкімдік ғимаратынан шыққанын күтіп отырған", – деп мәлімдеді мемлекеттік айыптаушы.
Прокурор дерегінше, Ернар Жиембай Руслан Берденовті автотұрақта күтіп отырып, қолындағы аңшылық қаруымен бес рет атып қана қоймай, оның құлап жатқанын көріп соңғы рет атып кетпек болған.
"Соттаулшы 21 сәуір 20:55 шамасында Берденовтің әкімдіктің Б корпусы ғимаратынан шыққанын көріп, соған қарай жоғарыда айтылған аңшылық қарумен жүгіріп келе жатып, қолындағы аңшылық қаруын оқтап, Kia K8 маркалы автокөлікті айналып қашып жүрген Берденовті қасақана өлтіру мақсатында бес рет атып, көптеген ауыр дәрежелі дене жарақатын салған. Ары қарай Жиембай жарақаттанған Берденовтің жерде құлап жатқанын көріп, қасына жүгіріп барып, қолындағы 12 калибрлі аңшылық қарумен бақылау оғын атуға іс-әрекет жасаған. Алайда қарудың оқжатарында оқ дәрінің таусылуына байланысты бақылау оғын атуға мүмкіндігі болмаған", – дейді прокурор,
Берденов орнынан тұрып, екеуі алысып жатқан кезде, айыптау нұсқасы бойынша, Берденовтің қаруы қолынан түсіп кетеді, осы сәтте Қалымбетов оны көлікпен соғып, тоқтатады.
"Осылайша Жиембай Берденовті өлтіру, яғни адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату қылмыстық іс-әрекетін өзіне байланысты емес мән-жайлармен соңына дейін жеткізе алмаған", – деп мәлімдеді сотта мемлекеттік айыптаушы.
Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі және 24-бабының 3-бөлігі бойынша (Адам өлтіруге оқталу) айып тағылған.
Сот мемлекеттік тілде өтіп жатыр. Жәбірленуші Руслан Берденов сотқа қатысқан жоқ. Өкілі Жеңіс Тыныбектің айтуынша, Руслан Берденов емделіп жатуына байланысты сотқа қатыспаған.
Еске салсақ, бұған дейін Руслан Берденовке шабуыл жасаған күдіктінің оқ атуына не себеп болғанын жазған едік. Күдікті Ернар Жиембай – әкімдікке қарасты "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС-ның бұрынғы директоры, екі баланың әкесі. Айыптау актісіне сәйкес, сол күні ол әкім орынбасарының нұсқауымен қызметінен босатылған. Тергеу нұсқасы бойынша, дәл осы жағдай оны қылмыс жасауға итермелеген.
Айта кетейік, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке 21 сәуірде әкімдік ғимаратының алдында қастандық жасалды. Ол жамбас және иық тұсынан оқ жарақатын алып, ауруханаға жеткізіліп, шұғыл түрде ота жасалды. Шабуылдың алдын ала себебі ретінде бірнеше нұсқа айтылды.

"Сүт қосылған шай ішіп, Күнге қарап табынады": Қазақстанда шектеу қойылған "Алля Аят" діни-мистикалық ұйымы ауыл халқын үрейде ұстап отыр
