Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қорқыт ата университеті мен СеулТех жаңа әріптестік деңгейде

Қорқыт ата университеті мен СеулТех жаңа әріптестік деңгейде

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 30 тамыз –Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мен 1 қыркүйек – Білім күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. 

Биыл университет 89-шы оқу жылын бастады. 2025–2026 оқу жылында 4 252 студент қабылданып, өткен жылдармен салыстырғанда рекордтық өсім көрсетті. 

Қабылданғандардың 33,3%-ы – мемлекеттік грант иегерлері. Салыстыра айтқанда, 2020–2021 оқу жылында 2 525 адам қабылданған болатын. Яғни соңғы бес жылда студенттер саны 68,4%-ға артқан.

Бұл мерекелік шараға университеттің стратегиялық әріптесі – Кореядан Сеул ұлттық ғылым және технология университетінің (SeoulTech) делегациясы келді. 

Олардың қатарында Халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Джи Хонг Хван, Global IT Convergence кафедрасының профессоры Хи Дже Пак және Халықаралық байланыстар бөлімінің менеджері Санъёнг Хван арнайы келді.

Қорқыт ата университеті мен СеулТех жаңа әріптестік деңгейде

Сапардың мақсаты – екіжақты әріптестікті нығайту, ортақ білім беру бағдарламаларын дамыту және қосдипломдық бағдарламаларға түскен студенттермен тікелей жүздесу. 

Сонымен қатар, қонақтар Басқарма Төрағасы-Ректор Бейбіткүл Каримованың қабылдауында болып, екі университет арасындағы әріптестікті одан әрі дамыту жолдарын талқылады. Тараптар бірлескен ғылыми жобалар, академиялық ұтқырлық және инновациялық бағдарламалар туралы келіссөздер жүргізді.

Делегацияның келесі аялдамасы – “AI Generation Welcome Ceremony” салтанатты қабылдау рәсімі болды. 

Шара аясында қос дипломдық бағдарлама бойынша 1 курсқа қабылданған студенттерге арнайы сертификаттар табысталды.

Бұл бағдарлама – екі ел арасындағы білім саласындағы стратегиялық әріптестіктің нәтижесі. Қос дипломды білім беру жүйесі аясында студенттер алғашқы 2 жылды Қорқыт ата университетінде, ал келесі 2 жылды СеулТехта оқитын болады.

Бағдарламаны сәтті аяқтаған түлектер екі жоғары оқу орнының дипломын қатар алып, халықаралық деңгейде мойындалған білікті маман атануға мүмкіндік алады.

Қорқыт ата университеті мен СеулТех жаңа әріптестік деңгейде

Айта кетейік, Қорқыт ата университеті мен СеулТех арасындағы әріптестік жыл өткен сайын нығайып келеді. 

2024 жылдың 12 маусымында екіжақты келісімге қол қойылған. 2025 жылдан бастап қос дипломды “AI архитектор” және “Деректерді басқару” білім беру бағдарламалары бойынша кадрлар даярлау ісі басталып отыр. 

Биылғы жаңа оқу жылында осы бағдарламаларға 40 студент мемлекеттік тапсырыс аясында оқуға қабылданды.

Халықаралық серіктестік – сапалы білім мен заманауи технологияны меңгерудің кепілі. Екіжақты ынтымақтастық нәтижесінде студенттер тек отандық емес, шетелдік жоғары оқу орнының да дипломын алып, әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болуға мүмкіндік алады.

STAN.KZ
Сейсенбі, 02 Қыркүйек, 2025 15:08
Талқылау