Көрінбей кеткен жұлдыздар қазір немен айналысып жүр?
Бұрын “ретро” деген кезде, 80-90-жылдардағы әуендер есімізге түсетін. Уақыт сынаптай сырғып барады. Енді 2000-ші жылдардың өзі бір тарих. Жаңа ғасыр басталып, миллениумдік қиялға беріліп, жаңа өмірден жаңа леп күткеніміз естеріңізде ме? Ал көңілді дискотекалар мен қызықты тойлар ше? Шама-шарқымыз келгенше барлығымыздың жаңалыққа ұмтылғанымыз рас. Осы тұста жарқырап шыққан әншілер қазір қайда жүр?
Бұл туралы “Әйел бақыты” бағдарламасында айтылды.
Өктем Алтай сахнадан жиі көрінбесе де, әндері тойларда жүреді. Бір кездері танымал болған Өктем мырза дәл қазір шәкірт тәрбиесімен айналысып жүр екен.
“Маған әлеуметтік желі арқылы хабарласып, әндерімді өзімнің орындап шыққанымды сұрап жатады. Көбінесе жас әншілерге көңілдерінің толмайтындығын айтады. Мен өнерден ешқайда кеткен жоқпын. Әр нәрсе өз уақытымен болады. Бір шетінен жасыма да байланысты сәл демалып, жастардың тәрбиесімен айналысып жатқан жайым бар. Ал жаңа әндерді үнемі жазып жүремін”, – дейді әнші.
Жұлдыздарды жаққан Superstar жобасының сахна сынына шыдап, қатардан қалмағандары сахнада жүр. Алғашында бұл байқауда 16 мың өтінімнің ішінен 5563-і іріктеліп, артынша 100-і Алматыға жолдама алған болатын. Аталған жобаға 2005 жылы Ермек Меденов те қатысқан еді.
“2005 жылы мен 19 жастамын. Алматыға консерваторияға оқуға келгенімде, жаңағы байқау туралы естідім. Осыдан кейін саксафон аспабына түрлі музыка жаздым. Алайда оларды жарыққа шығару мәселесі қиындық тудырып жатыр. Кезінде Айдананы мен Superstar жобасына қатысқан кезде “Ермектің қарындасы” деп айтатын. Қазір керісінше мені Айдананың ағасы ретінде таниды. Бұл сөз мені еш ренжітпейді. Ал жеке өмірімде барлығы жақсы. Үйлендім, бір ұлым бар. Есімін Батырхан деп қойдым. Оның Шүкенов ағамызға ұқсағанын қатты қаладым. Жарым Мақпал өнерде болмаса да, музыканы өте жақсы түсінеді. Бүкіл өмірім музыкамен байланысты болғандықтан, осы саланы таңдағаныма бір сәтке де өкінген емеспін”, – дейді Ермек Меденов.
Аталған байқауда Алмас Кішкенбаев пен Роман Ким бақ сынасқан-ды. Олар өзге үміткерлерден оза шауып, жұрттың назарына ілікті. Төрешілерден жақсы пікірлер естіді. Алайда бас жүлде Алмасқа бұйырды. Ол бүгінде танымал әнші. Ал Роман Ким елімізде көрінбей кетті. Оның тек “Заратуштрабенд” тобында ән салғанын білеміз.
“Қазір Алматы қаласында тұрып жатырмын. Мемлекеттік ұйғыр театырының артисімін. Вокалдан сабақ беремін. Аз уақыт ішінде біраз жүлдеге ие болдым. Жеке өмірімде әдеттегідей барлығы жасқы. Диана есімді қызым 5 жаста. Өлең оқып, ән айтады. Өзіме келетін болсам, теледидарға шығуға аса құмартпамын. Себебі, мен тек музыкашымын. Концертке барсам, тек жанды дауыста ән айтамын. Болашақта көгілдір экранға шығып та қалармын”, – дейді Роман Ким.
Superstar жобасының тағы бір түлегі Қайрат Түнтековтің бірнеше жыл бұрын басы дауға қалған-ды. Ол жұрт пен БАҚ өкілдері тарапынан қолдау таппаған соң, сахнадан кетуге мәжбүр болды. Әншінің өзі әлі күнге дейін журналистерге ренжіп жүргенін жасырмайды.
“Өнер жолын таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, қуанышым шексіз. Алғашында Superstar жобасына өте алмадым. Бірақ, екінші рет талаптанып барғанымда жеңіске жеттім. Еш өкініш жоқ. Жоба барысында қолымызда нашар телефон болса да, бір-бірімізге дауыс беретін едік. Ал жеке концерт беру жоспарда бар. Үнтаспа әзірлеп жатырмын. Бұйырса, Қазақстан бойынша тур ұйымдастырмақпын”, – дейді Қайрат Түнтеков.
Өнер жолын таңдағаны үшін өкінбейтіндердің қатарында Мөлдір Әуелбекова да бар. Әнші бүгін де сахнаға шығуға аса құлшынып тұрмағанын айтады. Себебі, ол ана бақытын сезінуге асығып жүр. “Менің ол кезде тәжірибем аз болды, сол себепті жеңбедім. Небәрі 17-18 жаста едім. Әрине, өтпей қалған кезде, жылап, іштей өкіндік. Десе де, бұл жоба біз үшін үлкен тәжірибе болды. Жобадан кейін тойға шықтым. Бір тойдан 500 доллар алатын едім. Қазір ауыз толтырып айтатындай жаңалық жоқ. Декреттік демалысқа дайындалып жүрмін. Ал өнерге қатысты жоспарларымды кейінге қалдырдым”, – дейді Мөлдір Әуелбекова.
Superstar жобасы көптеген жас әнші үшін өнерге апарар алтын көпір болды. Бірі шеберлігін шыңдап, сахнаға жолдама алса, бірі танымалдылыққа ұмтылды. Айдос та бір кездері “До-Мажор” тобының әншісі еді. Қазір Астана қаласындағы театрлардың бірінің бишісі. Тұрақты жұмысы болса да, Айдос үлкен сахнаны сағынып жүргенін айтады.
“Қазір “До-Мажор” тобы жоқ, бірақ оны қатты сағындым. Үш күннен кейін адам көрге де үйренеді демекші, қазір көндігіп қалдым. Оның үстіне мен бірінші курс оқып жүріп, осы топта ән салған едім. Қазір топтан кеткеніме 4 жылдай болып қалыпты. Артынша “До-Мажор” тобы қайта құрылды. Мен сол топта ән салғаным үшін еш өкінбеймін. Өзіме қажет сабақ алдым. Ал жігіттермен әлі күнге дейін туған бауырлардай араласамыз”, – дейді әнші Айдос.
2000-жылдары “Бұлбұл құсым” әні хит болған еді. Бұл ән әлі күнге дейін ел аузында жүр. Алайда орындаушысы Нұржан көрінбей кетті. “Мен үшін хит әндер – жүректен жүрекке жететін әндер. Біз халықтың өзінен шыққан әнді өзіне қайтарып бере алуымыз керек. Жуырда Ілия Жақанов атамыз “Енді қазақта классикалық ән тумайды” деп жазыпты. Бірақ, себебін айтпаған екен. Расымен де, бүгінгі әндер тойға арналып жазылып, мәтіні “жеңілдеп” кетті. Бір жағынан мұндай әндер енді жазылмайды деп те түбегейлі кесіп айта алмаймын. Әлі талай таланттың дүниеге келетіні сөзсіз. Маған салса, тойға арналған әндерді айтпайтын едім. Күнкөрістің қамымен айтуға мәжбүрмін”, – дейді Нұржан Қалжан.
Жіберіп алмаңыз:
Нұрлан Абдуллин Роза Рымбаеваға келін іздеп жүр (видео)
«Беш» бейнебаянын ұйымдастырған біз емес. Әли Оқапов атышулы клипке қатысты пікір білдірді
Қазақша көйлек киген Мақпал Исабекова желі оқырмандарын тәнті етті
ШаҺизада Алматыдағы республика сарайы мекемесін сотқа бермек