Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көрген жерімде зорлап кетемін": Соққыға жығылған қоқыс жинаушының әйеліне қысым жасалуда

Алматыда басбұзарлардан таяқ жеген қоқыс жинаушының енді әйеліне қоқаң-лоққы жасалып жатыр. Бибігүл Әлішерова бүгін түнде өзіне біреулердің қоңырау шалып, күйеуін өлтіріп, ал өзін зорлап кетеміз деп қорқытқанын жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп.

yj

Осы оқиғаға қатысты бүгін алдын ала сот процесі басталуы керек болатын. Бірақ, басты күдіктінің адвокатының келмеуіне байланысты, іс басталмай жатып, кейінге қалды.

"Бүгін оның қолы бос емес. Басқа процесте отыр. Сондықтан отырысты басқа күнге шегеруіңізді сұраймын", - дейді күдікті.

«Сот алдында жауап беремін деп ойламадым» деген күдіктінің сөзіне судья да, прокурор да таңданысын жасыра алмады.  Бірақ, амалсыз күдіктінің айтқанына көнуге тура келген.

"Сіздерге сенсация ғана керек пе? Ал неге менің баламның төбелесуге емес, ажыратуға бара жатқанын көрсететін видеоны салмайсыздар? Тек соңын саласыздар. Неге?", - деп күдіктінің жақындары сот алдында айқай салған. 

Айтуларынша, ұлдары керісінше төбелескендерді ажыратып жүр екен. Ал оңбай таяқ жеген қоқыс жинаушы оның жұдырығына өзі кез болған. Таспадағы төбелесті өздерінше талдаған пікір білдіруден бас тартып, тілшілерді сотқа береміз деп сес көрсеткен.

Зардап шеккен Сырлан Омаровтың әйелі өзін қоярға жер таппай жүр. Оның айтуынша, өзіне де әлдебіреулер сес көрсетіпті. Түн ортасында қоңырау шалғандар күйеуі екеуінің де жазасын беретінін айтқан.  

"Маған неше түрлі балағат сөздер айтты. «Күйеуіңізді өлтіріп кетемін, контейнерге салып кетемін. Өзіңді көрген жерімде зорлап кетемін. Қолыңнан не келеді?» деген сияқты. Менің аузыма тіпті сөз келмей қалды. Көзіме жас келді. Не істерімді білмей қалдым. Ары қарай не боларын білмеймін енді. Кәдімгідей қорқып қалдым. Мен шок болдым. Мұндай жағдай басымыздан өтпеген. Анандай сөздер сүйегімнен өтіп кетті, шыны керек", - дейді зәре құты қалмаған Бибігүл Әлішерова.

Күйеуін таяқтаған күдіктілер бостандыққа жіберілген күні келіншек ұялы телефонына дыбыс жазатын қосымша орнатып алған. Соның арқасында бұзақылардың әңгімесі жазылып қалған. Сотты тоқтатуды талап етіп, қоқаң-лоққы көрсеткендерді қазір полицейлер анықтап жатыр.

"Хабар ала салысымен, 102 пультіне, жедел тергеу тобы барып, арызын қабылдады. Азаматша барлық мән-жайды толығымен сипаттап берді. Міндетті түрде заңмен көзделген іс-әрекеттер жасалатын болады", - дейді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ушыға түскен істің келесі сот отырысы енді бес күннен соң басталуы тиіс.

 Естеріңізге сала кетейік, тұрғын үйлердің маңында қоқыс тазалап жүрген жұмысшыларды 4 бірдей бұзақы жабылып ұрып кеткен соң, жігіт жарымжан болып қалғанын айтқан едік.

Талқылау