Баян Мақсатқызының қорғаушылары соттан Бақытбек Есентаевты ақтауды сұрап жатыр
Бақытбек Есентаевтың соты аяқталуға жақын. Бірақ әзірге мемлекеттік айыптаушының Бақытбек Есентаевқа қандай жаза сұрап отырғаны белгісіз. Сот процесі жабық түрде өтіп жатқандықтан ресми органдардың өзі бұл жайтты құпия сақтап отыр.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Ал сотталушының қорғаушысы тағылған айыппен келіспейміз дейді. Сондай-ақ бүгінгі сот отырысына Бақытбек Есентаевтың бұрынғы жары, продюсер Баян Есентаева да қатысты.
Араға тура 11 күн салып Бақытбек Есентаевтың соты қайта жалғасты. Бұл жолғы процесте қос тарап жарыссөзге шықты. Түске дейін де, түстен кейін де жалғасқан сот отырысының есігін торауылдап жүрген журналистерден басқа ешкім жоқ. Ал прокурордың қандай жаза сұрағаны белгісіз. Белгілісі, Бақытбек Есентаевтың қорғаушысы әу баста Есентаевқа тағылған айып дұрыс болмады деп отыр.
“Біз соттан оны ақтауды сұрадық. Оған қылмыстық іске қатысты қате айыптаулар тағылды. Ол ондай қылмыстарды істеген жоқ”, – дейді Есентаевтың қорғаушысы Бекболат Жексейітов.
Қазір Бақытбек Есентаевты екі қорғаушы қорғап жатыр. Процестің бір ерекшелігі сотта шешімді алқа билері қабылдайтындығында. Ал бүгінгі процеске тегімді өзгертпеймін, Есентаева болып қаламын деген Баян да келді. Соттан кейін қорғаушысымен далада сәл кідіріп тұрып қалды.
BNews.kz-тің мәліметінше, Баян Мақсатқызының қорғаушылары да сотта Бақытбек Есентаевты қорғауды сұрады.
“Біз оған тағылған айыпқа оның қатысы жоқ деп есептейміз. Сондықтан тағылған айыптан ақтауды сұрадық”, – дейді продюсердің қорғаушылары.
Бақытбек Есентаевтың ендігі сот отырысы 3 қараша өтеді. 20 жылдан астам отасқан жұбайын пышақтады деп айыпталған Бақытбек Есентаевқа бәлкім дәл осы күні үкім де шығып қалуы мүмкін.
Маусымның 10-ы күні Баян Есентаеваны күйеуі соққыға жығып, үш жерінен пышақтаған болатын. Артынша продюсерге 3 сағат бойы ота жасалып, күйеуі Бақытбек Есентаев қамауға алынған. Қайғылы оқиға Талғар ауданын трассасында болған. Продюсер маусымның 19-ы күні ауруханадан шығарылды.