Қорғаныс министрлігі Отардағы сарбаз өліміне қатысты мәлімдеме жасады
Қорғаныс министрлігі Саян Сатыбаевтың өліміне қатысты арнайы мәлімдеме жасады. Ведомстваның әскери медицина орталығы 22 жастағы сарбаз «асылып өлген» деп отыр, – деп хабарлайды ктк арнасы.
Ақмоладан әскерге аттанған Саян Сатыбаев екі апта бұрын үйіне табытпен оралған болатын. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Отарда борышын өтеп жүрген сарбаз өз-өзіне қол салған. Алайда, Саянның әке-шешесі ұлдарының әлімжеттік құрбаны болғанына сенімді. Өйткені, марқұмның денесі көгеріп кеткен, соққы іздері көп. Қабырғасы сынып, мойны үзіліп, басы жарылған дейді- мәйітті ашып, жіті қарап шыққан туыстары. Мұны тіпті табытты әкелген офицердің өзі мойындаған. Алайда, әскери медицина орталығы мұның бәрін жоққа шығарып отыр.
«Сараптаманы жан-жақты жүргіздік. Саян Сатыбаевтың ішкі органдарына зақым келмеген. Қабырға, омыртқасы сынбаған. Денесіндегі, саусақ пен арқасындағы көк дақтар өлген адамның белгілері. Ол кез-келген сот-медициналық оқулықта жазылған. Яғни, мәйітке тән өзгерістер», – ҚР ҚМ әскери медицина орталығының маманы Бақтияр Мұздыбаев.