"Қорғаныс киімдерін скотчпен жамаймыз": Алматыда дәрігерлер бас көтерді
Алматыда дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлері бас көтерді. Сөздерінше, қосымша станцияда жұмыс істейтіндер үш айға төленуі тиіс ақша толық берілмеген. Үстемақы төлеуде алғашқы екі айда жомарттық танытқан басшылық соңғысына келгенде болар-болмас қаражат қана тағайындаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Бұған қоса наразы жұрт карантин кезінде ешқандай жағдай жасалмағанын алға тартты. Аурухана алдына 50-ге тарта қызметкер жиналыпты. Олар өздеріне тиесілі үстемақыны талап етуде.
"Бізде 20 бригада бар. Шақыртуды таңдай алмаймыз. Қайда шақырса, сонда барамыз кезек бойынша. Ол жақта не болады, біз білмейміз, коронавирус пе, коронавирус емес пе?" - дейді жедел жәрдем дәрігері Дилшат Юсупов.
Ақ халаттылар басшылық қауіпті орында жұмыс істейтін оларды қорғаныш заттарымен толық қамтамасыз етпегенін де жайып салды.
"Карантин кезінде формалар берілді, бірақ жеткіліксіз. Форманың өзін 5-6 шақыртуға киеміз. Ал негізі олай киюге болмайды. Ол дымқыл, су күйінше киіп барамыз, тіпті кептірмей. Мысалы, мені шақыртса, қасымдағы фельдшер қалып қалады немесе мен қаламын, себебі, форма жетпейді. Қазір форманың түрін қараңыз, сарғайып, жыртылып кеткен. Жыртық жерлерді скотчпен жаман қоямыз", - дейді тағы бір жедел жәрдем қызметкері жедел жәрдем қызметкері Бағлан Молдақынова.
Бұл мәселені шешу үшін жауапты адамдар да келіп жетті. Айтуларынша "үстемақы" сағатына қарай бөлініпті. Сондай-ақ олар нақты статистикалық мәлімет жасау үшін бүгінге дейін қанша шақыртуға барған табелі болса, ақшасының үстінен сонша төлейтінін айтады.
"Алматы қаласы бойынша сәуір айында 15 700 қоңырау келіп түскен болса, мамыр айында ол көрсеткіш 1,2 пайызға төмендеп, 12 600-ге жетті. Ал маусым айын жеке қарастыратын боламыз. Қазір қарсы болғандардың сағатын қайта есептейміз де, комиссия мүшелеріне өткіземіз. Егер есеп сай келсе, ақша төленеді", - деді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Жанар Кенжебаева.
Айта кетейік, дәрігерлерге үстемақы қауіптілігі аса жоғары, жоғары, орташа деген үш топ бойынша төленеді. Ал шағымданушылар бұл санаттың екінші және үшіншісіне кіреді екен. Өз кезегінде құзырлы мамандар медицина қызметкерлердің шағымын қайта тексеріп, арадағы кикілжінді шешуге уәде берді.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
