Студенттер қандай жағдайда әскерге шақыруды кейінге қалдыра алады? Қорғаныс министрі түсіндірді
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев студенттер қандай жағдайда әскерге шақыруды кейінге қалдыра алатынын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Ашық диалог” порталында Талғат Хамидоллаұлы есімді азамат министрге жүгініпті. Өз сауалында ол әскерге шақыруды кейінге қалдыру мәселесін түсіндіріп беруді сұрапты.
“Қайтыс болған ағамның ұлы бірінші жоғарғы оқу орнын аяқтап, енді екенші жоғарғы оқу орнына түсті. Жас 23-те. Енді ол әскерге шақыруды кейінге қалдыра ала ма? Өзі құқық қорғау органына жұмысқа орналасқысы келеді. Оған әскерде жарамды деген билет қажет”, – деп жазады ер азамат.
Өз кезегінде қорғаныс министрі бұл жағдай "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы заңының 31-бабы бойынша реттелетінін атап өтті.
Әскерге кімдер шақырылады?
Он сегіз жас пен жиырма жеті жас аралығында әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе әскерден босатылуға құқығы жоқ азаматтар мерзiмдi әскери қызметке шақырылады.
Азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру туралы шешімді аудандық әскерге шақыру комиссиясы шығарады.
Қандай жағдайда әскерге шақыруды кейінге қалдыруға болады?
Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға екі түрлі жағдай себеп бола алады: біріншісі –отбасы жағдайы, екіншісі – азаматтың білім алуына байланысты.
Азаматтың техникалық және кәсіптік, колледж, ЖОО, діни оқу орындарында күндізгі бөлімде оқуы әскерге шақырылуды кейінге қалдыруға негіз бола алады. Дегенмен осы тұста ол оқып жүргенін растайтын құжат ұсынуы тиіс.
Азамат екінші рет ЖОО-ға түссе, әскерге шақырыла ма?
Әскерге міндетті азаматтың бір жоғарғы оқу орнын аяқтап, екінші рет университетке түсуі әскерге шақыруды кейінге қалдыруға негіз болмайды.
Студент ЖОО-да қашықтан оқыса, әскерге шақырыла ма?
Егер әскери міндетті азаматтың оқуы қашықтан жүзеге асырылатын болса, бұл жағдай әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға негіз болмайды.
Магистратурада оқыған жағдайда әскерге шақырылу кейінге қалдырыла ма?
Бакалаврды тәмамдап, кәсіби мамандығы бойынша білімін жалғастырып жүрген азаматтар оқуы аяқталғанша әскерге шақырылмайды.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
